Қазақстанда 610 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 610 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Өздеріңіз де білетіндей, агрокешендік үлкен бағдарлама қабылданғалы жатыр. Бүгінгі таңда бағдарлама  толығымен дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға, жергілікті әкімшіліктерге таратылып берілді. Қазір соңғы мәліметтер тыңғылықты тексерілуде. Аталған бағдарламадағы ең өзекті мәселенің бірі 610 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру болып отыр», - деді комитет басшысы.

Оның атап өтуінше, Қазақстандағы суармалы жердің жалпы көлемі 1991 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтерге сәйкес 2 млн. 335 мың гектар болған. Ал бүгінгі таңда суармалы жер ретінде пайдаланылып жатқаны 1 млн. 398 мың гектарды құрайды. Осыған орай ауыл шаруашылығы аталған жерлерді толығымен тексеріп, сараптама жасаған. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың нақты ұсыныстарымен 610 мың гектар жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

«Ал қалған 327 мың гектар жер кеңес үкіметі тұсында, нарықтық экономика болмаған кезде сол жерлерде елді мекен болғандықтан, халық әйтеуір жұмыспен айналыссын деген оймен қиын да болса пайдаланылып келген. Бүгінгі таңда сол жерлерді суармалы жер жасап, пайдаланудың қажеті жоқ. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақ далаға жақындау Созақ ауданында 800-900 метр жерастынан су шығарып, пайдаланылған. Олар біздің келешектегі стратегиялық қорымыз. Сондықтан осы сияқты жерлердің есебінен және өте қатты сорланып кеткен, бүгінгі күні оны пайдалану үшін өте мол қаржы шығаруды қажет ететін 327 мың гектардай жерді қазіргі күні пайдаланудың қажеті жоқ деп отырмыз», - деді Әбішев.

Сонымен қатар ол көктемде лиманды суландырылатын шабындық жерлер 1991 жылы 870  мң гектар болса, бүгінгі таңда оның 368 мың гектары ғана пайдаланылып отырғандығын атап өтті. Алдағы уақытта 273 мың гектар лиманды суарылатын жері қалпына келтірілмек.

Соңғы жаңалықтар