Қазақстанда 74 теміржол вокзалын қайта жаңғырту аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында 74 нысанда қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарлама еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын қамтиды. Жобаның негізгі мақсаты – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, вокзалдардағы қолайлылықты жақсарту және нысандарды заманауи талаптарға сәйкестендіру.
– Жөндеу жұмыстары вокзал инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуды көздейді: ғимараттар мен инженерлік желілерді жаңарту, платформалар мен вокзал маңындағы аумақтарды реконструкциялау, күту залдарын кеңейту, заманауи қауіпсіздік жүйелерін, лифт пен көтергіш құрылғыларды орнату, сондай-ақ кедергісіз орта қалыптастыру, – делінген ресми ақпаратта.
Тозу деңгейі жоғары вокзалдарда ескі ғимараттар толықтай бұзылып, олардың орнына жаңа жолаушылар кешендері салынып жатыр.
Бүгінде бағдарламаға енгізілген 124 теміржол вокзалының 74-інде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қалған нысандарда жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Жобалар аяқталғаннан кейін вокзалдардағы жолаушыларға арналған жағдай жақсарып, қауіпсіздік пен қолжетімділік деңгейі артады деп күтіледі.
Айта кетейік, Астана-1 вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын мынау сілтемеден оқи аласыз.