Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажет - Шолу конференциясы
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанда мигранттардың балаларына білім алу үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалып отыр. Бұл туралы бүгін Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясы барысында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілі мәлім етті.
Оның айтуынша, осы уақытта мигранттардың балалары қазір елімізде өздерінің ана тілдерін де тереңдетіп меңгере алады. Мигрант балалар елдегі жалпыға бірдей білім беру орындарында еш кедергісіз оқи алады. «Әрине, бұл бағытта жекелеген проблемалар бар. Осыған қарай биыл Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп мигранттардың, нақтырақ айтқанда қырғызстандық мигранттардың балаларына білім беру мәселесін реттейтін нормативті актіні дайындау ісіне белсенді атсалысты. Көшіп-қонушылардың құқықтарын қамтамасыз ету - билік басындағы азаматтар мен қоғам өкілдерінің құқықтық сауаттарының жоғары болуымен байланысты. Осы ретте біз адам құқықтары жөніндегі бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігін ұсындық», деді орталық өкілі.