Қазақстанда ақылы қызметтердің бағасы соңғы бес жарым жылда алғаш рет төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда инфляцияның баяулауына ақылы қызметтер нарығындағы бағаның төмендеуі әсер етті. Қазан айында қызметтер құны аздап арзандап, бұл соңғы бес жарым жылдағы алғашқы төмендеу болып тіркелді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Қазақстанда ақылы қызметтердің бағасы соңғы бес жарым жылда алғаш рет төмендеді
Фото: pexels

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қазан айында ақылы қызметтер бағасы қыркүйекпен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштің айлық мәнде төмендеуі 2020 жылғы мамырдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Ресми есептерге сүйенсек, қазан айында «Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, су, электр энергиясы, газ және өзге де отын түрлері» санатында бағалар айына 3,5 пайызға төмендеген. Толық деректер әлі жарияланбағанымен, белгілі болғаны — Алматы қаласында суды тұтыну көлеміне байланысты дифференциалды тарифтер жүйесіне уақытша үзіліс енгізілуі нәтижесінде сумен жабдықтау тарифтері төмендеген.

— Ақылы қызметтердің арзандауы жалпы инфляция деңгейіне де әсер етті. Қазан айында баға өсімі 0,5 пайызды құрап, бұл көрсеткіш соңғы жеті жылдағы ең төменгі деңгей ретінде тіркелді. Ал азық-түлік тауарлары қыркүйекпен салыстырғанда 1 пайызға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,2 пайызға қымбаттады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар инфляцияның қызметтер сегментіндегі жылдық көрсеткіші қыркүйектегі 15,3 пайыздан 12,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл жалпы инфляция қарқынын 12,9 пайыздан 12,6 пайызға дейін баяулатуға мүмкіндік берді. Ал азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегменттерінде баға өсімі жалғасып жатыр.

Бұған дейін Инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары қайта қаралатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар