Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі AI кампусы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен жаһандық Network School бастамасы жасанды интеллект, инновациялар, технологиялық кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы Өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі AI кампусы ашылады
Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Network School бүкіл әлемнен кәсіпкерлерді, инженерлерді, зерттеушілер мен инвесторларды біріктіреді, ал оның негізін қалаушы Баладжи Шринивасан - Кремний алқабының ең танымал технологиялық кәсіпкерлерінің бірі, Coinbase компаниясының бұрынғы CTO-сы және жүздеген технологиялық компаниялардың инвесторы.

Құжатқа ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Network School негізін қалаушы және CEO Баладжи Шринивасан қол қойды.

Жаслан Мәдиев келісімге қол қоя отырып: «Жасанды интеллект мықты адамдар, батыл идеялар және олар жүзеге аса алатын орта бар жерде дамиды. Біз Қазақстанда дәл сондай - таланттарға, технологиялық кәсіпкерлерге және жаһандық серіктестіктерге ашық экожүйені құрып жатырмыз. Network School ұйымымен ынтымақтастық бұл жұмысты одан әрі күшейтуге көмектеседі», - деп атап өтті.

Меморандум ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларын дамытуды, стартаптарды қолдауды, бірлескен зерттеулер жүргізуді, халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ Қазақстанға әлемдік жетекші мамандарды, кәсіпкерлерді, зерттеушілер мен инвесторларды тартуды айқындайды.

Басты бағыттардың бірі Қазақстанда Network School-дың алғашқы кампусын құру болмақ. Оның базасында әлемдік деңгейдегі білім беру, зерттеу және кәсіпкерлік бағдарламаларын, халықаралық резиденттік және fellowship бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ кампусты Қазақстанның ұлттық ЖИ-экожүйесіне біріктіру жоспарлануда.

Сондай-ақ, тараптар стартаптарға арналған бағдарламаларды бірлесіп дамытуды, халықаралық конференциялар, хакатондар мен форумдар ұйымдастыруды, сондай-ақ Қазақстанда Network State Conference 2026 конференциясын өткізу мүмкіндігін пысықтауды көздеп отыр.

Қазақстанды жасанды интеллект пен инновациялардың өңірлік орталығы ретінде ілгерілетуге, халықаралық технологиялық компанияларды, венчурлық қоғорлар мен стратегиялық инвесторларды тартуға, сондай-ақ технологиялық кәсіпкерлік үшін қолайлы ортаны дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

Ынтымақтастық аясында тараптар халықаралық мамандар мен технологиялық компанияларды тарту тетіктерін жетілдіру, цифрлық мемлекеттік басқаруды дамыту, жасанды интеллект саласындағы үздік әлемдік тәжірибелермен алмасу және бірлескен стратегиялық бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін де қарастырмақ.

Меморандумды іске асыру 5 жылға есептелген және бұл уағдаластықтардың орындалуы Қазақстанның жасанды интеллект, инновациялар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытудағы жетекші өңірлік орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық позицияларын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Осыған дейін жасанды интеллект әлемінде Қазақстанның орны туралы жаздық.