Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік арзандады
АСТАНА.KAZINFORM - 2026 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, өңірлер бөлінісінде бағаның төмендеу үрдісі еліміздің бірқатар қаласында байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Ақтауда (-0,7%), Қонаевта (-0,3%), Жезқазған мен Петропавлда (әрқайсысы -0,2%), Тараз, Қарағанды және Түркістанда (әрқайсысы -0,1%) төмендеді. Ал Астана, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір келісі үшін 524 теңге болды. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркеліп, бір келісі 357 теңге болды.
Тазартылған күріштің орташа бағасы республика бойынша бір келісі үшін 534 теңге. Ең қолжетімді баға Қызылордада – 456 теңге, Алматыда – 478 теңге.
Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы республика бойынша бір келісі үшін 198 теңге болды. Ең төмен баға Түркістан қаласында, бір келісі 137 теңге.
I санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы республика бойынша 561 теңге. Ең төмен баға Қызылордада (464 теңге) және Оралда (476 теңге) тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі.
Айта кетейік, Азық-түлік корпорациясы биыл аграршыларды қолдауға 65,7 млрд теңге бөледі.