Қазақстанда алғаш рет қан компоненттерін QR-код арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық қан орталығында қан компоненттерінің жапсырмаларында QR-кодтарды пайдалануға негізделген ScanQAN цифрлық жүйесі енгізілді.

в
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жобаның мақсаты – қан құю кезіндегі қауіпсіздік стандарттарын күшейтіп, адами факторға байланысты қауіптерді азайту.

- Жаңа жүйе қан компоненттерін дайындаудан бастап сақтау, беру және пациентке трансфузия жасауға дейінгі барлық кезеңде дәл әрі жедел сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

QR-кодты сканерлеу арқылы медицина қызметкерлері қан компоненті туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады.

Атап айтқанда, жүйеде зертханалық зерттеу нәтижелері, сақтау шарттары, қолдану ерекшеліктері және клиникалық ұсынымдар қамтылған, - деп жазды Денсаулық сақтау министрлігінен.

Мамандардың айтуынша, ScanQAN жүйесі дәрігерлерге клиникалық жағдайларда жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар Республикалық қан орталығында сапа менеджментінің қосымша цифрлық құралдары енгізілген.

Олардың қатарында стандартты операциялық рәсімдер мен нұсқаулықтарға жедел қол жеткізуге арналған QR-кодтар, сондай-ақ өндірістік үдерістің критикалық нүктелерін бейнемониторингтеу жүйелері бар.

Жоба пациенттердің қауіпсіздігін арттырып, қан компоненттерінің сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Айта кетейік, Қазақстанда қан донорлығын дамыту жоспары пысықталып жатыр.