Қазақстанда ана мен бала саулығын қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстан ана денсаулығын сақтау жүйесін күшейтіп, әйелдерге арналған профилактикалық және мамандандырылған қызметтердің қолжетімділігін кеңейтті, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

ерте жүктілік
Фото: ДСМ

«Аналар саулығы» бағдарламасы жүктілік басталғанға дейін әйелдерді зерттеп-қарауға және сауықтыруға қолжетімділікті жақсартты. Зерттеудің барлығы 12 түрі бар. Прегравидалдық даярлықпен қамту 23%-ға өсіп, 46,1%-ды құрады. Ерте мерзімде есепке тұрған әйелдердің саны 10%-ға өсті.

«Салауатты Ана» бағдарламасы шалғай және жетуі қиын ауылдарда тұратын, босануы қиын болуы мүмкін жүкті әйелдерді алдын ала емдеу үшін арнайы пансионаттарға орналастыруды көздейді. Қазір 15 облыста пансионаттар ашылды, онда 3 мың жүкті әйел көмек алды.

«Аңсаған сәби» экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы ең сұранысқа ие жобалардың бірі болып қала береді. Жыл сайын ЭКҰ-ға 7 мың квота бөлінеді. Төрт жылдың ішінде 30 мыңнан астам әйел емшарадан өтті, көптен күткен 10 мыңнан астам бала дүниеге келді.

— Жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 22 облыстық перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді мамандандырылған зерттеп-қарау мен емдеуге жедел жіберу мүмкіндігімен ұрықты қорғау орталықтары құрылды, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдер 12 түрлі тексеруден тегін өте алатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар