Қазақстанда ана өлімін азайтуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынады

АСТАНА.KAZINFORM — Бүгін ведомство алқасының отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ана өлімін азайтуды денсаулық сақтауды дамытудың абсолютті басымдығы деп белгіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.

туу көрсеткіші, ана мен бала
Фото: Азертадж

Қазақстанда ана өлімі тарихи төмен деңгейде қалып отыр. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 10,3% екені аңғарылған, яки былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ, төмен деңгейде сақталып отыр.

Перзентханаларда медициналық көмекті жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр сондай-ақ жүкті әйелдерді бақылауды күшейту үшін әйелдерге консультациялық қызмет көрсету қайта жанданды. Әйелдерді прегравидалық даярлықпен қамту жоспардан асып, республика бойынша 46,1%-ды құрады.

Денсаулық сақтау министрі көмек сапасын одан әрі арттыру үшін келесі тапсырмаларды берді:

өңірлік басқармалар — жүкті әйелдерді бағдарлау және емдеуге жатқызу бойынша НҚА-ны өзектендірсін, сондай-ақ босандыру және балалар бойынша жауапты орынбасарлар лауазымдарын толық жинақтасын;

2026 жылғы 1 ақпанға дейін жүкті әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі шаралар кешенін ұсынсын және республикалық орталықтардың жұмысын бағалауды жүргізсін;

ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының басшыларына өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, әсіресе ауылдық жерлерде босандыру қызметі мамандарының практикалық дағдыларын арттыру бойынша кешенді шаралар әзірлеу тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы әрбір болашақ ана мемлекеттің сенімді қорғауында болуы үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырмақ.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендегенін жазған едік. 

Онда елімізде 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітілгені айтылған. Сондай-ақ елімізде ана мен бала денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілген.

Соңғы жаңалықтар