Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар елдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшілері тағайындалды. Сондай-ақ орталық және жергілікті билікте де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлықтарымен: Алмас Сейтақынов Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі; Сергей Александрович Викторов Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі; Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Олжас Мұхамедғалымұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімдерімен: Тимур Мифтахұлы Жантикин мен Әсет Кеңесбекұлы Махамбетов Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы қызметіне тағайындалды.
Сонымен қоса Сергей Ли Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы болды.
Сергей Михайлович Ли 1973 жылы дүниеге келген. Санкт-Петербургтегі РФ ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери командалық училищесін «құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ-Ресей халықаралық университетін «есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын банк саласында бастаған. «Казагропромбанк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалында және «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалында заңгер болып жұмыс істеген. Салық қызметі органдарында қызмет атқарған: бас маман, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысы салық департаментінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, сондай-ақ Ақтөбе қаласының салық басқармасын басқарған. Ақтөбе облысы бойынша сот актілерін орындау департаментін басқарған, ҚР Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарған, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Сауда және интеграция министрлігінің заң қызметі департаментінің директоры лауазымдарын атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Елорда әкімінің орынбасары болып 38 жастағы Ілияс Бағдәулетов тағайындалды.
Ол 2010-2020 жылдар аралығында мемлекеттік құрылымдарда түрлі қызметтер атқарған. 2020 жылдың маусымынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Астана қаласы әкімінің кеңесшісі болды. Кейінгі жылдары мемлекеттік құрылымдарда түрлі қызметтерде еңбек еткен.
Бұған дейін Ақтөбе облыстық дін істері басқармасында басшы болған Әлімбек Тұралиев жаңа қызметке ауысты.
Әлімбек Тұралиев Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару», 2019 жылы — Қазақ-Орыс Халықаралық университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.
2011-2013 жылдары аралығында Ақтөбе қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің экономикалық жоспарлау және есеп секторының бас маманы, 2013-2015 жылдары аралығында Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің құқықтық-ұйымдастыру сұрағы бойынша жастар саясаты және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жөніндегі сектор меңгерушісі болды. Ал 2015-2019 жылдары аралығында Ақтөбе облысы әкімі аппаратының түрлі лауазымдарында жұмыс істеді. 2019 жылдан 2025 жылдың ақпан айына дейін Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Сонымен қатар Жетісу облысы әкімінің өкімімен Асқар Маратұлы Садықов Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Асқар Маратұлы Садықов 1981 жылы туған. Жоғары білімді. Қазақ ұлттық медицина университетін уролог дәрігер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтында урология мамандығы бойынша ординатурада бастады.
Әр жылдарда Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында уролог дәрігер, «Академик Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ кіші ғылыми қызметкері, уролог дәрігері, операция блогының меңгерушісі, жалпы урология бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы, «Астана қаласындағы ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ урология, хрирургия бөлімдерінің уролог дәрігері, «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ МКК урология бөлімінің меңгерушісі, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, «Көксу ауданының орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры қызметтерін атқарды.
2022 жылдың қыркүйегінен «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры болған.
Семей қаласы әкімінің орынбасары болып Азамат Салимбаев тағайындалды. Азамат Серікболұлы 1985 жылы Абай облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген. 2007 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Экономика», 2024 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Экономика» магистрі ретінде тәмамдады.
Еңбек жолын 2007 жылы Атырау облысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінде қаржы бөлімінің бас маманы ретінде бастады.
2008-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде көлік, өнеркәсіп және отын-энергетика саласындағы бюджеттік жоспарлау бағытында сарапшы, бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
2014-2020 жылдары Қаржы министрлігінің құрылымдарында отын-энергетикалық кешеннің бюджетін жоспарлау саласында басқарушылық қызметте болды.
2020-2025 жылдары Атырау облысы әкімдігінде бірқатар жауапты лауазымды атқарды. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын, Қаржы басқармасын және Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасын басқарды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері атанды.
Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, Дархан кәсіби спортта айтулы табысқа қол жеткізген. Бұл ретте Токио Олимпиадасындағы (-60 кг) қола жүлдені, әлем чемпионатының күмісі (2008) мен қоласын (2018), Гуанчжоудағы Азия ойындарының алтынын атап айтуға болады.
Сондай-ақ ол — спорттың осы түріндегі ең беделді жарыс Karate-1 Премьер-лига бәсекесінің 8 дүркін жеңімпазы.
Дархан Асаділов осыған дейін Шымкент қаласындағы спорт мектебінде және Қазақстан жастар құрама командасында жаттықтырушы болды.
Қуаныш Қабдолов «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып бекітілді.
37 жастағы жергілікті маман 2009-2012 жылдар аралығында «Атыраудың» жастар командасында бас бапкердің көмекшісі болып еңбек етті.
2013 жылы «Атырау» футбол орталығының басшысы болып тағайындалып, оның тұсында 1999 жылғы жасөспірімдер командасы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанды.
2014-2020 жылдар аралығында Қуаныш Кенжәліұлы «Атырау» негізгі командасының бапкерлік штабында қызмет етіп, бас бапкер көмекшісі және бас жаттықтырушы міндетін атқарды. Сол уақытта «мұнайшылар» екі мәрте Қазақстан кубогының финалына (2017 және 2019 жылдары) шықты.
Кейіннен ол 2021-2022 жылдар аралығында түркістандық «Тұранның» бас бапкеріне көмектесіп, содан соң команда тізгінін өзі де ұстады.
Ал былтырғы маусымда ақтаулық «Каспийдің» бас бапкері ретінде бірінші лиганың қола медалін жеңіп алды. Жас маман биыл «Атырау» QJL командаларының үйлестірушісі ретінде қызмет атқарды.
Бұған дейін Серік Сәпиев Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті болып сайланғаны белгілі болды.
Айта кетейік, жақында Kazinform агенттігі жаңа «Мәлімет» жобасын іске қосты. «Мәлімет» − Қазақстанның медианарығында алғаш рет ұсынылған жаңа айдар, онда саясат, экономика, бизнес, ғылым, мәдениет секілді түрлі салада ел дамуына елеулі үлес қосқан танымал қазақстандықтардың өмірбаяны мен қызықты мәліметтері жарияланады.