Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан аптада өңірлердің әкімдіктерінде және Көлік министрлігінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде және Қаржы нарығын реттеу агенттігінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

тағайындау
Фото: Kazinform

Үкімет қаулысымен бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ басшысы болған Ерболат Садырбаев Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды. Ол 1982 жылы Жамбыл облысында туған. Білімі жоғары, мемлекеттік және жергілікті басқару докторы (PhD).

Әр жылдары жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарда, сот жүйесінде, ҚР Президенті Іс Басқармасында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

Сәйкесінше, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып Аслан Сабыржанұлы тағайындалды.

Аслан Сабыржанұлы 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Әр жылдары мемлекеттік органдарда және жекеменшік құрылымдарда қызмет атқарған. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Селденқорғау Құрылыс» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарды.

Тимур Әбілқасымов ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған. Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. С

Тимур Әбілқасымов «Radius Advisory Lab» ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді. М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ ол «Қазтеміртранс» АҚ және «Kazakhstan Energy Reinsurance Company» директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі. Квазимемлекеттік сектор компанияларында және екінші деңгейлі банктерде жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болды.

Апта басында Президент Әкімшілігінің келісімімен Нұрлан Кеңесов Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол сауда, табиғи ресурстарды пайдалану, медициналық қызмет көрсету, демография, инвестициялар, кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіп, инновация, жер қойнауын пайдалану, туризм салаларына жетекшілік етеді.

Нұрлан Маратұлы 1983 жылы Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Көліктегі ұйымдастыру және басқару инженері, менеджмент» мамандығы бойынша және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда Imperial College London-да, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алған.

Әр жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары; «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты инновациялық комитет төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары; ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры; Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімі болған.

Сонымен бірге, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің өнеркәсіптік инфрақұрылым және ел ішіндегі құндылық департаментінің директоры, «Jibek Joly» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы; ҚР Көлік министрлігінің көлік саясаты департаментінің директоры болды. Осы тағайындауға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Өңірлік даму мониторингі бөлімі инспекторы қызметін атқарған.

Президент Әкімшілігінің келісімімен Асхат Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған еді.

Асхат Оралов 1990 жылғы 10 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған. PhD докторы.

Еңбек жолын 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінде жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы болып бастаған. 2013–2016 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың протокол бөлімінің жетекші маманы; 2014–2016 жылдары – «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары; 2016–2018 жылдары – Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болды.

2018 жылғы қаңтар–тамыз айларында – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры; 2018–2019 жылдары – ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары; 2019–2020 жылдары – Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Ал 2020–2021 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, 2021–2022 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2022–2023 жылдары – «Nur Otan», «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы, 2023 жылғы 4 қаңтарда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. 2024–2025 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы болды.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен, ҚР Президент Әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімімен Алатау ауданының әкімі болып Данияр Қырықбаев тағайындалды.

Данияр Қырықбаев 1986 жылғы 29 сәуірде Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін және Л.Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы банк секторында бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда қызмет атқарды: «Қазақстан темір жолы» АҚ, Бас прокуратура, Парламент Сенатының Аппараты мен Жоғарғы сотта жұмыс істеді. Алматы бойынша соттар әкімшісінің басшысы қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы филиалының директоры болды. 2021 жылдан бастап Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасын басқарды.

Абай облысы білім басқармасының басшысы болып Бауыржан Ердембеков тағайындалды.

Бауыржан Ердембеков 1974 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1991 жылы Жарма ауданы Асқаралы ауылындағы Лекеров атындағы мектепте мұғалім болып бастаған.

Әр жылдары М.Әуезов атындағы Семей университетінің сырттай оқыту факультетінің деканы, проректоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, «Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-Ректоры, «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Бұған дейін «Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры қызметін атқарды.