Қазақстанда аптап ыстықтың жүкті әйелдерге әсері зерттеледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Чинве Огбоннамен кездесу өткізді, оның барысында тараптар ЮНФПА-ның 2026-2030 жылдарға арналған алтыншы Елдік бағдарламасы шеңберінде жаңа бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметіні ңхабарлауынша, кездесуді ашқан министр ЮНФПА-ға көпжылдық әріптестігі үшін, сондай-ақ биылғы мамыр айында Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНФПА Атқарушы директоры доктор Диене Кейтаның ресми сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Ведомство басшысының айтуынша, сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен бастамаларды практикалық іске асыруға негіз болды.
-Біз ЮНФПА-мен ынтымақтастығымызды денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, ғылыми әлеуетті дамытуға және халыққа заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық әріптестік ретінде қарастырамыз, – деді Ақмарал Әлназарова.
Келіссөздер барысында тараптар алдағы өзара іс-қимылдың бірқатар басым бағыттарын айқындады.
Негізгі бастамалардың бірі – климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсері мәселелеріне басымдық бере отырып, Қазақстанда БҰҰ университеті мен Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің платформасын құру болды.
Сондай-ақ тараптар ЮНФПА-мен бірлесіп, аптап ыстықтың жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына әсерін зерделеуге арналған зерттеу жүргізу мәселесін талқылады. Зерттеу еліміздің ең ыстық өңірлері – Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
ЮНФПА-мен табысты әріптестіктің келесі бағыты ретінде Жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) дамыту айқындалды. Оның аясында ауылдық жерде тұратын жасөспірімдерге, жастарға және әйелдерге қашықтан психологиялық және репродуктивтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу жоспарланып отыр.
-Пилоттық жобаның шеңберінде ЖДО базасында өңірлік телепсихология орталықтарын құруды, ауыл жастарына білікті психологтардың қашықтан консультацияларын ұйымдастыруды және шалғай елді мекендерге шығатын мобильдік мультидисциплинарлық топтар қалыптастыруды ұсынамыз. Сонымен қатар зорлық-зомбылық, суицид қаупі, дағдарыстық жүктілік, репродуктивтік жоғалтулар, мазасыздық пен депрессиялық жағдайлар мәселелері бойынша дағдарыстық консультацияларға ерекше назар аудару қажет, – деді ведомство басшысы.
Бүгінде елімізде жастарға қолайлы медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсететін 90-ға жуық осындай орталық жұмыс істейді. Олар жыл сайын бір миллионға жуық жас азаматты қамтиды.
ЮНФПА-ның рөлі халықаралық сараптамалық қолдау көрсету, гранттық және техникалық көмек ұсыну, қазақстандық мамандар мен супервизорларды даярлау, сондай-ақ жобаның нәтижелерін тек иесіздендірілген және жинақталған көрсеткіштер негізінде тәуелсіз бағалау бағыттарын қамтуы мүмкін.
Министр сондай-ақ БҰҰ Қорына халықаралық ұйымның тәжірибесі мен денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін пайдалана отырып, еліміздегі жастар еріктілер қозғалысын дамытуға және денсаулық еріктілері корпусын құруға қолдау көрсетуді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халық денсаулығын сақтауға, ғылыми әлеуетті дамытуға, репродуктивтік денсаулықты жетілдіруге және денсаулық сақтау жүйесінің заманауи сын-қауіптерге төзімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.
Осыған дейін елімізде денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылғаны туралы жаздық.