Қазақстанда әр екінші ересек адам артериялық гипертонияға шалдыққан

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын 17 мамырда әлемде Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні атап өтіледі. 

жүрек, денсаулық, ота
Коллаж: Kazinform

Бұл күннің мақсаты – халықтың артериялық қысымның жоғарылауының қауіптілігі, инфаркт, инсульт және өзге де жүрек-қан тамырлары асқынуларының алдын алу туралы хабардарлығын арттыру.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, артериялық гипертония әлемде мерзімінен бұрын болатын өлімнің, мүгедектіктің және созылмалы аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр.

Мамандардың айтуынша, артериялық қысымның жоғары болуы миокард инфарктінің, инсульттің, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің, созылмалы бүйрек ауруының және тамырлық деменцияның негізгі қауіп факторларының бірі саналады.

Гипертонияның басты қауіптілігі – ауру ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Осыған байланысты ол медицинада «үнсіз өлтіруші» деп аталады. Сондықтан артериялық қысымды тұрақты бақылау қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік бейініне сәйкес, Қазақстанда ересек тұрғындар арасында артериялық гипертонияның таралу деңгейі шамамен 42%-ға жетеді. Яғни елдегі әрбір екінші ересек адамның қан қысымы жоғары.

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда артериялық гипертония диагнозымен 1 776 876 пациент диспансерлік есепте тұрған. Бұл мәселенің ауқымын және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің жоғары екенін көрсетеді.

Елімізде қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтау бойынша кешенді шаралар жалғасып жатыр. Скринингтік бағдарламалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде артериялық гипертонияны уақытылы анықтауға мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ МӘМС шеңберіндегі амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі гипертониясы бар пациенттерді қолжетімді дәрілік терапиямен және тұрақты диспансерлік бақылаумен қамтуда маңызды рөл атқарады.

Министрлік мәліметінше, атқарылған жұмыстар нәтижесінде Қазақстанда қанайналым жүйесі аурулары бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштері төмендеп келеді. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 5,5%-ға азайған. Ал аталған аурулардан болатын өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 148,8-ді құрады.

- Артериялық қысымды тұрақты түрде өлшеу, дәрігерге уақытылы қаралу, салауатты өмір салтын ұстану және тағайындалған емді үздіксіз қабылдау ауыр жүрек-қан тамырлары асқынулары мен мерзімінен бұрын болатын өлім қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Айта кетейік, артериялық гипертония жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі себептерінің бірі саналады және оны ерте анықтау адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.

Бұған дейін альцгеймер ауруына қандай адамдар төзімді болатыны жарияланды.