Қазақстанда әскери оқу орындарына түсуді қалайтын жастар саны артып келеді - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әскери оқу орындарына түсуді қалайтын жастар саны артып келеді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлім етті.
– 2025 жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша, әскери колледждердегі 760 орынға 2311 өтініш қабылданып, бір орынға орта есеппен үш талапкерден келді. Ал әскери институттардағы 723 орынға 1526 адам құжат тапсырып, бір орынға шамамен екі талапкерден тіркелді. Бұл әскери оқу орындарына тапсыратын жастар саны артқанын көрсетіп отыр, - деді департамент басшысы.
Оның сөзінше, ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында мемлекеттік авиация, әскери медицина, цифрлық технологиялар мен автоматтандыру, сондай-ақ дене даярлығы бағыттары бар.
– Бұл жүйе тегін білім алуға, мемлекет есебінен әлеуметтік қамтамасыз етілуге және оқу аяқталғаннан кейін қызметке орналасуға мүмкіндік береді. Сондықтан әскери мамандыққа қызығушылық жыл сайын артып келеді, – деді ол.
Айта кетейік, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады. Сондай-ақ әскери оқу орындарына құжат тапсыру жеңілдеді, құжатты енді онлайн тапсыруға болады.