Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда әскери резервтің атыс дайындығы күшейтілді


АСТАНА. KAZINFORM – Гвардейск гарнизонында запастағы әскери қызметшілер атыс дайындығынан практикалық сабақтарға кірісті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

әскери оқу-жаттығу
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Жамбыл және Алматы облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының 200-ден астам тұрғыны оқу бағдарламасы аясында штаттық қаруды қолдану дағдыларын жетілдіріп, түрлі жаттығуларды орындап жатыр.

Практикалық сабақтар әскери-есептік мамандықтар бойынша қайта даярлау шеңберінде ұйымдастырылған. 

Оқу жиынына қатысушылар Калашников автоматын, Драгунов мергендер винтовкасын, Калашников пулеметін және РПГ-7В қол гранатаатқышын қолданып, оқу-жаттығу атыстарын өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Жаттығулар жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған.

Сабақ барысында атыс нормативтерін орындауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, атыс шебіндегі іс-қимылдарға және әрбір әскери міндеттінің жеке даярлығын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Оқу процесінің барысын тәжірибелі офицерлер мен нұсқаушылар қадағалайды.

– Атыс даярлығы – әскери міндеттілерді қайта даярлаудың негізгі бағыттарының бірі. Практикалық атыстар штаттық қарумен жұмыс істеу дағдыларын қалпына келтіріп, оларды нығайтуға, дербес даярлық деңгейін арттыруға және қойылған міндеттерді сенімді орындауға мүмкіндік береді. Заманауи оқыту әдістері мен нұсқаушылардың тәжірибесі оқу процесінің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді оқу жиыны штабының бастығы подполковник Жақсылық Мырзағалиев.

ҚР Қарулы күштерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес өткізілген оқу жиыны әскери даярланған резервті қалыптастыруға және жұмылдыру әзірлігін жоғары деңгейде ұстауға бағытталған.

Осыған дейін әскери оқу орындарында қандай жаңа мамандықтарға басымдық берілетіні туралы жаздық.