Аты аңызға айналған апорт сорты қайта өсіріле бастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әйгілі алма сорты — «Апорт» бақтарын кеңейтуге арналған ауқымды бағдарлама басталды. Ғалымдар мен бағбандар Алматының аңызға айналған символын қалай өсіріп жатқаны туралы айтып берді.

апорт
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Алғашқы қадам: тұқымнан баққа дейін

2024 жылы Жоңғар Алатауының таулы аймақтарынан жабайы Сиверс алмасының тұқымдары жиналды, бұл апорт сорттарының арғы атасы болып саналады. Тұқымдар себіліп, арнайы питомниктер құрылды, ал биыл ақпанда 10 гектар аумақта көшеттерді өсіру үшін қысқы бүршіктеу жұмыстары жүргізілді. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бақтарын отырғызу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов министрліктің Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз жұмыс жасап жатқанын айтты. Институт базасында помологиялық бақ құрылып, биыл 10 гектар алма бағын отырғызу жоспарланған.

а
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

— Неліктен біз ғылымнан бастадық? Өйткені бізге нағыз алматылық апорт керек — алматылықтар оның дәмін өте жақсы біледі. Салыстыру үшін біз қырғыз апорты мен алматылық апортты алдық. Олар салмағы, көлемі, түсі мен дәмі жөнінен ерекшеленеді. Өкініштісі нарықта қырғыз апортын қазақ апорты деп көрсетіп, пайда тауып жүргендер бар, — деді Сұлтанов журналистермен кездесуде.

Вице-министр бағдарламаның бірнеше жылға жоспарланғанын және 110 гектар бақ отырғызуды көздейтінін айтты. Ағаштар шамамен сегіз жылдан кейін ғана жеміс береді.

— Егер коммерциялық тұрғыдан қарасақ, бақ тек сол кезде ғана кіріс әкеледі. Бірақ біз үшін ең бастысы — апорт сортының тазалығы. Болашақта біз тек жаңа бақтарды отырғызумен шектелмей, апорт өсіретін шаруашылықтармен жұмыс істеп, олардың өнімділігі мен сапасын арттыруды жоспарлап отырмыз. Бәрі агротехнология мен дұрыс күтімге байланысты. Сөйтіп, нарық тек нағыз алматылық апортқа деген нақты сұраныс арқылы толысады, — деп түйіндеді ол.

а
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Апортты сақтау мен көбейтуге ғылым көмектеседі

Мамандар таза апорт сортын қалай қалпына келтіруге болатынын айтып берді. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар филиалы директоры Сағи Сайранұлы институт апортты ұзақ уақыт зерттеп келе жатқанын атап өтті. Селекционерлер 115 апорт клонын жинаған.

— Бүгін біз қан қызыл апортты өсіріп жатырмыз, оны бәрі біледі. Оның салмағы 300-ден 900 граммға дейін жетуі мүмкін, ал қырғыз апортының салмағы 300–400 грамм ғана. Біздің апорт дәмі мен хош иісімен ерекшеленеді, — деді ол.

Ғалымдар жобаны кеңейту үшін көшеттер өсірілетін бес гектар аналық- қалемше бағын отырғызды.

а
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Қазір апорт шамамен 2,4 мың гектар аумақты алып жатыр, негізінен Алматы және Жетісу облыстарында.

— Апорт — біздің брендіміз, мақтанышымыз, оны дамыту керек. Жаңа жобада біз Сиверс алмасын қолданамыз, оның мыңнан астам формасы бар. 30 үлгіге ДНҚ талдауы жүргізіліп, 11 үлгі апортқа ең жақын болып шықты. Бұл тұқымдар вирусқа қарсы биотехнологиялар арқылы тазартылып, бес гектарға отырғызылды. Алманың салмағы 300-ден 500 граммға жетеді, — деді Сайранұлы.

Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ in vitro гендік қоры зертханасының меңгерушісі Балнұр Қабылбекова бірнеше жылдан бері жеміс-жидек көшеттерін вирустан сауықтыру технологиясын дамытып келеді.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Зертханада молекулалық-биологиялық талдаулар жүргізіліп, заманауи әдістер арқылы вируссыз көшеттер дайындалады.

Көшеттердің бір бөлігі Франция мен Нидерландыдан әкелінген, олар жергілікті жағдайға бейімделіп, кейін Қазақстанда көбейтіледі.

— Мақсатымыз — шетелдік көшеттерге тәуелділікті азайтып, биотехнологияларды пайдалана отырып, өзіміздің вируссыз көшеттер өндірісін жолға қою, — деп түсіндірді Балнұр Қабылбекова.

Ғалымның айтуынша, зертхананың тағы бір маңызды міндеті — жеміс-жидек дақылдарының генетикалық қорын сақтау. Бұл үшін өсімдіктер микро- және макроэлементтер, витаминдер мен гормондар бар арнайы қоректік орталарға орналастырылады.

а
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Мамандар арнайы ортаны оңтайландырып, өсімдіктерді үш жылға дейін қайта отырғызбай сақтауға мүмкіндік беретін технологияны әзірледі.

Мұндай әдіс АҚШ, Үндістан, Корея және Жапонияда кеңінен қолданылады және генетикалық материалды халықаралық алмасуда пайдаланылады.

— Біз бұл технологияны сау апорт көшеттерін сақтау үшін де қолданамыз. Молекулалық-генетикалық талдау жасалып, 110 клон анықталды. Генетикалық құрылымы мен айырмашылықтары зерттелуде. Биыл 50-ден астам форманы генотиптеу жоспарланған. Зерттеу Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржыландырылады, — деді ол.

Көшеттерді дайындау ұзақ процесс: микроөсімдіктерді өсіру және дала жағдайына бейімдеу шамамен үш жылға созылады. Алайда осындай материал суперэлиталық болып саналады, оны әрі қарай көбейтуге және репродукциялауға негіз болады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Апорт және бизнес: кәсіпкерлердің пікірі

Кәсіпкер Олжас Сыбанбаев бірнеше жылдан бері әртүрлі алма сұрпын өсірумен айналысып келеді. Оның айтуынша, бау-бақша шаруашылығы ірі және ұзақ мерзімді инвестицияны қажет етеді.

— Қазақстанда бір гектар интенсивті бау отырғызуға орташа 50 мың доллар қажет. Мен әлі апортпен айналыспаймын, себебі бұл өте қиын сорт. Дұрыс отырғызу және күтім үшін 7–9 жыл қажет. Апорт — біздің брендіміз, оны дамыту және насихаттау керек, бірақ бұл бүкіл қоғам мен мемлекет күшін қажет ететін бөлек жоба. Бір гектарға 20 миллион теңгеден астам қаражат кетеді, ал ағаштар тек жетінші жылы жеміс береді. Бұл өте көп еңбекті қажет етеді, — деді Сыбанбаев.

Осындай пікірді алма өсіру және сатумен айналысатын компанияның басқарушы серіктесі, кәсіпкер Динара Уристембаева да айтты. Оның компаниясы «Амал апорт» деген өз сортын шығарған, оны Алматы облысы Ащыбулак ауылында өсіріледі.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Бұл ұзақ жылғы ғылыми жұмыстың нәтижесі, оған шетелдік мамандар қатысқан. Іріктеу жұмыстарына тоғыз жыл кетті. Біздің апорт әркім бала кезінен білетінін классикалық апорттан өзгеше, — деді Уристембаева.

Компания басқа сорттармен де жұмыс істейді. Оның сөзінше, үлкен және сапалы алмаларды өсіру көп күш пен шығынды қажет етеді.

Осындай алмалар көбіне экспортқа жіберіледі, өйткені шетелде көлемі мен сапасына қатал талаптар қойылады.

Жемістерді сақтауға да ерекше көңіл бөлінеді. Алманың дәмі мен сапасын сақтау үшін температура режимін қатаң бақылау қажет. Сол мақсатта компания немістің салқындату жабдықтарымен жабдықталған заманауи қоймаларды салды.

Әр камерада бөлек сорт сақталады, себебі әрқайсысының сақтау шарттары әртүрлі.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Апорт — Алматының мақтанышы

Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қазыбаева Қазақстандағы апорт тарихы XIX ғасырда басталғанын еске салды.

1865 жылы Воронеж губерниясынан келген Егор Редько Верныйға (қазіргі Алматы) бірнеше апорт көшеттерін әкелген. Жаңа климатта алма ірі және хош иісті жемістер беріп, қаланың мақтанышына айналды.

— Апорт 900–1200 метр биіктікте жақсы өседі. Сол жерде оның дәмі мен хош иісі сақталады. Біздің алмалардың салмағы 900 граммға дейін жетуі мүмкін, — деді ол.

Бүгінге дейін институт 200-ге жуық жеміс-жидек сортын шығарған, олардың 30-дан астамы апорт негізінде алынған.

яблоко
Фото: Александр Павский / Kazinform

Айта кетейік, Алматы апорты ресми түрде Қазақстанның ұлттық бренді атанды.

Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысында әйгілі «Апорт» бақтарын отырғызу басталатынын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар