Қазақстанда аттракциондарды тексеретін сынақ орталықтары бар ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Демалыс орындарында, сауда үйлерінде адамдар аттракциондар мен батуттарды пайдаланады. Кейде мұның соңы оқыс оқиғаға соқтырып жатады. Осы орайда Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, мәселені зерделеп көрді.

аттракцион
Фото: Pexels

Қауіпсіздік талаптары қандай? 

Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Нұржан Сатыбалдиновтың мәлім еткеніндей, аттракциондар мен батуттарды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

Нұржан Ахмедиярұлының сөзіне қарағанда, бұл туралы Еуразия экономикалық одағының «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде толық айтылған.

Мұндағы мақсат — жабдықтарды жобалау және қауіпсіз пайдалану стандарттарын міндетті түрде сақтай отырып, жазатайым оқиғалар мен апаттарға жол бермеу. 

— Сонымен қатар 2019 жылғы 1 шілдеден бастап аттракциондарды пайдалануға беру және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік туралы ұлттық стандарт бекітілген. Стандарт аттракциондарды тіркеу, қабылдау және техникалық тексеруді реттеп, иелері мен операторлардың міндеттерін айқындайды. Аттракционды іске қосар алдында иесі немесе пайдаланушы оны жергілікті атқарушы органда тіркеуге міндетті, — дейді департамент басшысы.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Оның айтуынша, аттракциондарды техникалық куәландыруды да естен шығаруға болмайды.

Стандартқа сәйкес аттракциондардың техникалық жай-күйін белгілі бір мерзімде, әсіресе, ұзақ уақыт тұрып қалғаннан кейін немесе нормативтік қызмет мерзімі біткеннен соң тексеру керек.

Мұны білікті сарапшылар (аккредиттелген ұйымдар) атқарып, сараптама қорытындысына сәйкес тиісті қорытынды беріледі. 

Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, облыс орталығындағы сауда үйлері мен қалалық мәдениет және демалыс саябағында 26 субъект тіркелген. Сондай-ақ осындай нысандар есебін Ақсай қаласы әкімдігі де жүргізеді.

— Жалпы, аттракциондар мен батуттар балалар үшін де, ересек адамдар үшін де қауіпсіз болуы керек. Мұны күнбе-күн бақылап, қауіпсіздік шараларын еш ұмытпау қажет. Сондағы қызметкерлер де оқытылып, талапқа сай болғаны абзал. Жуырда кездесуде кәсіпкерлер Қазақстанда аттракциондарды техникалық куәландыруды жүргізетін аккредиттелген ұйымдардың, сынақ орталықтары мен зертханалардың жоқтығы жөнінде айтты. Біз бұл жөнінде Ұлттық аккредиттеу орталығына арнайы хат жолдадық. Жалпы, кәсіпкерлер өз қызметкерлерін Ресейде де оқытып, тиісті сертификаттарын ала алады. Тек бұл оларға қымбатқа түседі, — деді Нұржан Сатыбалдинов.

а
Фото: Pexels

Кәсіпкерлер не дейді?

«Джуманджи парк» аттракциондар паркі директорының орынбасары Антон Ротштайн Еуразия экономикалық одағының «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес қызметкерлер оқып, сертификат алуы керектігін айтады.

— Өкінішке қарай, Қазақстанда аттракциондағы әкімгерлер, операторлар, механиктер және басқа мамандарды оқытатын орталықтар жоқ. Сондықтан бізге Ресейдегі осындай мекемелерге жүгінуге тура келеді. Оларда да көп емес, оншақты орталық бар. Бірыңғай техникалық регламент болғандықтан, біздің қызметкерлер үш жылда бір рет онлайн оқып, емтихан тапсырып, сертификат алады. Бұл, әрине, қымбатқа түседі, — дейді А.Ротштайн.

Оның ойынша, егер оқыту орталығы Қазақстанда болса, арзанға шығар еді. Негізгі ережелер бірдей болғанымен, әр елдің өз стандарты бар. Сондықтан Қазақстанда қызметкерлерді аттракциондарды қауіпсіз пайдалануға үйрететін кемінде бір орталықтың болғаны жөн.

аттракцион
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Екінші мәселе, аталмыш техникалық регламентке сәйкес жаңа аттракциондар сертификатталуы тиіс. А.Ротштайнның нықтауынша, Қазақстанда мұндай сынақ зертханасы жоқ. Ресейдің өзінде 5-6 компания бар, оларды монополистер деуге болады. Сол себепті бағасы да өте жоғары.

Мамандар келіп, аттракционды толық тексеруден өткізеді. Соның қорытындысы негізінде бәрі ойдағыдай болса, сертификат береді. Бұл үлкен шығын болғандықтан, аттракцион иелері оның орнын пайдаланушылар есебінен толтыруды көздейді. 

Сондай-ақ аттракциондарды техникалық куәландыру да түйткілді жайт болып отыр. Бұл нормативтік қызмет мерзімі біткен аттракциондарға қатысты.

Мұндай аттракциондар жыл сайын техникалық куәландырудан өтіп тұруы керек. Бұл Қазақстанның СТ 3359-2019 стандартына кіретіндіктен, оған ресейлік компаниялар кірісе алмай, бас тартады. 

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Ал Қазақстанда бұл стандартқа сәйкес аккредиттелген сынақ орталықтары мен зертханалар жоқ. Сондықтан автокран, ауыр арнайы техника сияқты жүк көтеретін техникалар бойынша аккредиттелген сынақ орталықтарының қызметін пайдалануға тура келеді. Жыл сайын Алматыдан мамандар келіп, аттракциондардың қызметін тексереді. Бірақ мұндай орталықтар тек Алматы мен Астанада ғана. Олардың ұшақпен келіп-кетуі, бірнеше күн бойы қонақүйде тұруы қосымша шығынға қалдырады. Әрине, аттракциондардың клиенттеріміз үшін қауіпсіз болуы бәрінен де маңызды екендігін жақсы түсінеміз, соған мүдделіміз, — дейді А.Ротштайн.

Заңсыз орнатылған аттракцион да бар

Орал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Оспанның нақтылауынша, аттракциондар орнатылатын қалалық мәдениет және демалыс саябағы арнайы орындар бар.

— Ал Тұңғыш Президент алаңында қойылған аттракцион заңсыз болып есептеледі. Оны ешкім тіркемейді де. Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, полиция аталмыш аттракционға қатысты шаралар қолдануда, — деді Данияр Оспан.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағының басшысы Мейірбек Қажығалиевтің жеткізгеніндей, парк аумағында барлығы 28 аттракцион қызмет көрсетсе, соның ішінде екеуі — батут.

— Жеке кәсіпкерлер аттракциондарды саябақ аумағында орнатып, жазғы маусым кезінде келушілерге қызмет көрсету үшін мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясымен серіктестік туралы келісімшарт жасасты. Онда жеке кәсіпкер қауіпсіздік техникасын, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға міндетті деп көрсетілген. Оған қоса саябақ әкімшілігі жеке кәсіпкерлерге қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертулер, хабарламалар таратып, тексеріп тұрады, — дейді Мейірбек Қажығалиев.

Бұдан төрт жыл бұрын Орал қаласындағы осы орталық саябақта әткеншектен сегіз бала құлап кетіп, зардап шекті.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін аттракциондарда қауіпсіздікке ерекше мән беру қажеттігі күмән туғызбайды. 

горки
Фото: Pexels

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қалалық саябақтағы аттракционнан 8 баланың құлап кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар