Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында қандай өзгерістер болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы ел экономикасындағы әлеуеті жоғары бағыттардың бірі. Президент биылғы Жолдауында да аграрлық салаға қатысты ерекше тоқталып өтті. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы жұмыстар қалай жүріп жатыр, жұмыс жоспары және өзге де ҚазАқпарат сұрақтарына Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков жауап берді.
None
None

- Төлеутай Сатайұлы, соңғы кадрлық ауыс-түйістен бастасақ. Ведомствоға жаңа басшылық келгелі аграрлық секторда қандай іргелі өзгерістер енгізілмек?

- Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйекте Жолдауын жариялаған болатын. Онда ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселелер көрсетіліп, проблемалар терең зерттеліп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына тиісті мақсаттар қойылды. Сондықтан осы мәселелерді шешу жолдары ведомство басшылығының тікелей бақылауында болады деген ойдамын. Атап айтқанда, биылғы қуаңшылық салдарынан мал шаруашылығының проблемалары көрінді. Ол неден туындады? Ауа райы жағдайына адам ешқандай әрекет ете алмайды, бірақ бұл бағытта тиісті қолайлы тәсілдерді іске асыру мүмкіндіктері бар еді. Мысалы, осыдан 7-8 жыл бұрын Ресейге 60 мың тонна ірі қара малдың етін экспорттаймыз деген бастама көтерілген болатын. Ол үшін импортпен АҚШ-тан, Уругвай, Чилиден мал басын әкелеміз деген мәлімдемелер жасалды. Сол кезде біз маман ретінде талай рет пікірімізді білдірген едік. Яғни, ондаймен айналысу үшін қордаланған екі-үш мәселені шешу керек екенін нақты айтқан едік. Бұл тұрғыда мал азығы, ветеринария жүйесі мен кадр мәселелерін шешу қажеттігі бар. Бұл салалардағы проблемаларды шешпей, жоғарыда аталған жұмыстармен айналысу қисынсыз еді. Міне, сол кезде айтқанымыздың барлығы дәлел ретінде биыл алдымыздан шықты. Мал шарушылығы биыл неге осы проблемаларға тап болды? Өйткені мал азығымен ешкім айналыспады. Мысалы, 1991 жылы Қазақстанда 9,5 млн ірі қара мал басы болды. Осы малға арналған 11,5 млн гектар мал азығы дақылдары бар еді. Қазір 7 млн-ға жеткізіп отырмыз, ал мал азығы дақылдарының көлемі 3 млн. Осы орайда тапшылықты айқын байқауға болады. Одан кейін жайылыммен ешкім айналыспады. Жолдауда Президент осы мәселелерге ерекше екпін қойды.

Екіншіден, мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін, міндетті түрде ветеринария жүйесі ерекше назарда болғаны абзал. Ол да көптеген өзгерістерді талап етіп отыр. Үшіншіден, мал азығын дайындау егін шаруашылығына тікелей байланысты. Егіншілікте әртараптандыру болмаған. Сөз жүзінде жүргізілгенмен, нақты іске асырылмаған. Бұл салада жыл сайын тек дәнді дақылдармен айналысып, мал азығына мән берілмеген. Фермерлерге тиісті талап қойылмаған.

Мемлекет басшысы мал шаруашылығы саласындағы көптеген жеке қосалқы шаруашылықтар проблемасын атап өтті. Ауылдардың маңындағы жайылымдардың тапшылығы проблемасы жиі көтеріліп жүр. Қазір ел азаматтары ауылда тұрып, мал ұстамайтын жағдайға жетті. Енді, бұл ақылға қонбайды. Бұрын адамдар арнайы мал ұстау үшін ауылға көшетін. Қазір кейбір елді мекендерде жарты ауылда мал жоқ. Осы орайда Президент тапсырмасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізбекпіз. Бұл ретте осының барлығы қандай тетіктер арқылы реттеледі? Ол тек қана мемлекеттік қолдаудың тетіктеріне өзгеріс енгізу жолымен іске асырылады. Осындай басты мәселелер бар және онымен жаңа басшылық айналысады деген ойдамын.

- Мал шаруашылығын толыққанды дамыту үшін ветеринария саласының маңыздылығын айттыңыз. Бұл саладағы мәселелерді шешу үшін нақты қандай шешімдер керек?

- Соңғы жылдары терең пысықталмаған реформалар басталып кетті де, содан біраз кедергі болды. Қазір бірқатар іс-шараларды мамандармен, сарапшылармен талқылап жатырмыз. Жалпы, ветеринарияның жүретін бағыты тұжырымдамада көрсетіледі. Осы орайда монополиясыздандыру ескерілген. 21-ші ғасырдың басында бірінші онжылдықта көптеген ветеринария қызметі бәсекелестік секторға берілген болатын, яғни жекеменшік ветеринар дәрігерлердің қолына. Кейін біразын қайтадан мемлекеттің қолына жинап алды, монополизация болды. Әрине, малдың аса қауіпті немесе қауіпті ауруы деген екі тізім бар. Бұлар мемлекеттің қарауында қалғаны дұрыс шығар. Бірақ басқа ауруларды жекеменшік ветеринар дәрігерлер де емдей алады ғой. Тіпті, адамның індеттерін емдейтін қаншама жекеменшік медициналық ұйымдар бар.

Екіншіден, әртүрлі деңгейдегі билік органдарының арасындағы құзыреттерін анықтау бар. Бүгінде бұл тәртіп белгісіз, жергілікті атқарушы органдар, орталық органдар не үшін жауап беретінін нақтылап алуымыз керек. Үшіншіден, ветеринария саласындағы мамандардың жалақысы мәселесін қолға алу маңызды. Жоғары білімін алып, ауылда ветеринар дәрігер боламын деген адамның жалақысы көңіл көншітпейді. Төрт жыл оқыған жас маман ауылға 60 мың теңге жалақыға бара ма? Ауылдағы әлеуметтік тұрмыс пен жалақы жағдайы жастарды қызықтармай отыр. Ветеринария саласын цифрландыру да маңызды болып тұр.

- Қазір егін орағы науқаны жүріп жатыр. Биыл қандай нәтижелер болады?

- Биыл ауыл шаруашылығы үшін күрделі болды. Бірақ оның себептеріне былтырдың күзінен бастап қарау керек. Қазақстанда өсімдік шаруашылығы күзде ылғал жинау көлеміне өте тәуелді. Күзде жауын-шашын өте аз болып, ал биылғы ақпан соңы мен наурыздың басында елорданың өзінде қар көп түсті. Осы орайда көбісі су тасқыны болатынын айтып жатты. Бірақ қар көп түскенімен, су тасқыны болмады. Өйткені жерде ылғал аз болды да, еріген қар суы жерге сіңіп кетті. Сондықтан егін шығымдылығы күздегі ылғалға байланысты және жаздағы жауын-шашын да маңызды. Жауын шілденің екінші жартысы мен тамызда болды, бірақ ол кештеу еді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының бағалауы бойынша 15,3 млн тонна астық шығуы мүмкін. Алайда астық дақылдарының тапшылығы болады деп дүрбелең жасаудың реті жоқ. 15,3 млн тоннаның 10,5 млн тоннасы бидай болса, былтырғы қорды қоса есептегенде 13-14 млн тонна бидай жинақталады. Бидайдың ел ішіндегі қажеттілігі 7,6 млн тонна деңгейінде, оның ішінде 3 млн тоннасы азық-түлік, 1,8 млн тоннасы тұқым, 2 млн тоннасы жем, 800 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге бағытталады. Осының өзінде бізде 6 млн тоннаны экспортқа шығару мүмкіндігіміз бар. Экспортты дәстүрлі бағыттарға, яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға жібереміз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егін орағы қазан айының басында аяқталады. Астық өсіретін негізгі үш өңірінде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары алқаптардың басым бөлігі жиналды.

- Биыл аграршылар үшін егістіктерді суару мәселесі өзекті болғаны белгілі. Сарапшылар жаһандық жылынуға байланысты алдағы уақытта бұл ахуал күрделене түсетінін атап өтуде. Бұл тұрғыда Қазақстан осы проблеманы қалай шешпек?

- Бұл проблема көптен бері айтылып келеді. Биыл оның күрделі жағдайы айқын көрінді. 20-шы ғасырдың соңында мамандар 20-30 жылдан кейін су проблемалары басталатынын, оған дайындалу керек екенін жиі көтеріп жүрді. Екіншіден, бұл тек Қазақстанға ғана байланысты мәселе емес. Су тапшылығын барша әлем елдері сезініп отыр. Әрине, енді су үнемдейтін технологияларды пайдаланудың маңызы зор, тамшылатып суару технологияларын кеңірек енгізген жөн. Суды көп қажет ететін дақылдардан су үнемдейтін дақылдарға көшу керек. Бізде күріш пен мақта, қант қызылшасы бар. Атап айтқанда, Қазақстанның ауыл шаруашылығы климаттың жағдайына өте тәуелді екені белгілі. Оның барлығы биыл айқын байқалды. Сондықтан біз әртараптандырумен, айналым егіншілігімен айналысуымыз керек.

- Өңірлерде аграршыларды қолдау мәселесі жиі сыналып жатады. Жыл сайын субсидия түріндегі көмек тиісті деңгейде жетпей жататыны айтылып жүр. Бұл салада қандай өзгерістер жасалмақ?

- Бұл мәселені министрлікте біледі және түрлі нұсқалар пысықталып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту мен мемлекеттік қолдау туралы айтқанда, Мемлекет басшысы, Үкімет бұл бағытқа елеулі түрде назар аударып келеді. Субсидиялау көлемі елімізде елеулі көлемде артқан болатын. Алайда осы субсидиялауды пайдалану тиімділігіне қатысты көп сұрақ бар. Біріншіден, барша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолжетімдігі мәселесі бар. Олардың біршама бөлігі осы субсидияларға, арзан несиелерге қол жеткізеді. Бұл саладағы ережелер күрделеніп кеткен және субсидия түрлері тым көп. Фермерлердің айтуынша, тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялау болса, онда бұл өнімдердің құны күрт қымбаттай бастайды. Фермерлер бұл қаражатты өздеріне беруді сұрап отыр, осыдан кейін оны тиісті мақсаттарға жұмсамақ. Осы орайда субсидияның негізгі бөлігін банк несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағыттау керек шығар. Мұның нәтижесінде шаруаларға 2-4 пайызбен несие алуына жағдай жасалса. Осы мәселелер 2030 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасында ескеріледі. Бұл стратегиялық құжат болып саналады.

– Биыл жаздың басында көкөніске, оның ішінде сәбіз бен картоп бағасының күрт өсуіне тоқталсақ. Осы мәселе қоғамда қызу талқыланғанын да білеміз. Осындай жағдай қайталанбас үшін қандай қадамдар жасалады?

- Біріншіден, өндіріліп жатқан көкөністің, картоптың көлемін арттыру керек. Статистика мәліметтері мен нақты деректер айырмашылығы өте алшақ болғаны өкінішті. Осы жайында әлеуметтік желілерде ашық жазған болатынмын. Биыл баға неге өсті? Бір жағынан жанар-жағармай бағасы, техника құны, пестицид пен тыңайтқыштар бағасы жыл сайын өсіп келеді. Тағы бір проблема – ол біздің күзде өндірілген өнімді 2-3 айда ғана тұтынамыз. Тұқым түрлері ұзақ сақтауға келмейді, өндірістік қайта өңдеуге жарамай жатады. Осымен айналысу керек. Содан кейін Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Пәкістаннан импортпен келетін көкөністер елімізде дәстүрлі түрде өсетін өнімдер. Бұл тұрғыда банан немесе апельсин секілді өнімдерді айтып тұрғаным жоқ, яғни бұлар бізде климаттық жағдайға байланысты өспейді. Атап айтқанда, Пәкістан немесе басқа елден келетін картопқа тәуелді болып отырмыз. Атап айтқанда, коронавирусқа байланысты халықаралық саудада шектеулер қойылды. Ол мемлекеттер экспортқа шектеу қояды, сондай-ақ бізде өнімді кіргізуге талаптарды күшейтеміз. Содан нарықта тапшылық сезілгеннен баға да өсті.

- Осыған дейін қыста Қазақстанда ет бағасы қымбаттайды деген пікірлер айтылды. Бағаның күрт өсуі секілді мұндай жағдай мүмкін бе?

- Менің ойымша, баға елеулі түрде шарықтамайды. Алайда еттің құны өсуі мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазған болатынмын, яғни Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал шығыны болғанда. Осы орайда малдың қырылуына қатысты тоқталсам, жағдай дүрбелең жасауға тырысқан кейбір адамдар айтқандай үрейлі емес. Жеңіл авторитетті қуғандар Қазақстанда үш млн бас мал қырылатынын жазған еді.

2017 жылы мал азығын даярлау картасы әзірленген кезде жыл сайын мал азығы дақылдарының тапшылығы үнемі Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысындағы Семей өңірінде байқалып отырғаны көрсетілген. Бұл жайында осыған дейін белгілі болды. Осы өңірлерде тұрғындар мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, жем-шөпті қосымша өндіруге мән беруі керек еді.

Маңғыстау облысында 28 мың ірі қара мал басы бар, еліміз бойынша 7 млн. Бұл қалай әсер етеді? Әрине, проблема бар. Биыл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы үшін күрделі болды. Қуаңшылық болатынын айтқан едім, осы орайда малдың өлім-жітімі мүмкін болды. Бірақ ол жұтқа әкелмейді. Адамдар осы ахуалға әрекет етіп, малды сойып, етке өткізуі ықтимал. Нарық заңдылығы бойынша бастапқыда еттің бағасы төмендейді де, кейін баға өсуі мүмкін еді. Мен бұл жайында жазған едім, еселеп қымбаттамайды. Сондықтан күрт қымбаттайды деп ойламаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар