Қазақстанда авиакомпаниялар ішкі авиабағдарлар бойынша ұшуларды біліктілік талаптарға сай болған жағдайда ғана жүзеге асыра алады

Аталған ережеге сәйкес, авиакомпаниялар ішкі авиабағдарлар бойынша ұшуларды біліктілік талаптарға сай болған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
Құжатты әзірлеу барысында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынды.
Айталық, авиакомпаниялар бұл ережеге бойынша өздерінің қызметтерін сәйкестендіріп, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IOSA) қауіпсіздік аудитінің өндірістік сертификатына ие болулары қажет.
Сондай-ақ, ішкі бағыттардың бірінде жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыруға ниет білдірген авиакомпаниялардың кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі мен 3 әуе кемесі болуы шарт. Соңғы талап ішкі тұрақты рейсті жүзеге асыратын авиакомпанияның жолаушылар тасымалын уақтылы қамтамасыз етуі үшін енгізіліп отыр. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін авиакомпанияның әр әуежайда өзінің өкілдігі жұмыс істеп тұруы тиіс. Мұның сыртында, олардың билетті брондау және сатумен айналысатын білікті персоналы болуы керек.
Бұл талаптардың барлығы міндетті болып табылады және авиакомпаниялар тұрақты ішкі жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға өтініш берген кезде аталған барлық параметрлерге сай болуы қажет.
Сонымен бірге, авиакомпанияларға өз қызметтерін халықаралық талаптарға сай етуге және Халықаралық қауымдастықтың аудитінен өтуге дайындалуға уақыт берілді. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IOSA) қауіпсіздік аудитінің өндірістік сертификатының бар екендігі жөніндегі талап 2015 жылдан бастап күшіне енеді.
Анықтама: Бұдан бұрынғы жылдары тұрақты ішкі әуе рейстерін орындауға отандық авиакомпаниялар арасында арнайы байқау ұйымдастырылатын. Байқау қорытындысы бойынша қай тасымалдаушының қандай бағдар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратынын Комиссия анықтайтын. Бұған қоса, авиатасымалдаушы өздігінен ұшу жиілігін белгілей алмайтын. Ағымдағы жылдан бастап авиакомпаниялар өтініш беру кезінде ұшу бағдары мен ұшу жиілігін өздері таңдайды, ең бастысы - авиакомпаниялардың өздері бекіткен кесте бойынша ұшуларды жүзеге асыра алатын қаржылары болуы тиіс.