Қазақстанда автонесиеге сұраныс төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан қарқынды өскен автонесиелеу нарығы баяулай бастады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында автонесие алуға берілген өтінімдер саны 9%-ға, ал берілген қарыз көлемі 24%-ға азайды.
Мұндай деректер Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы автонесиелеу нарығына жасаған шолуында келтірілген.
Сарапшылардың бағалауынша, бірнеше жылдық қарқынды өсімнен кейін автонесиелеу нарығы түзету кезеңіне өтті. Бір жыл бұрын автонесиеге берілген өтінімдер саны 50%-дан астам өссе, биыл қаңтар-маусым аралығында 9%-ға төмендеген.
ҚҚҚ мұны нарықтың біртіндеп қанығуы, қатаң ақша-несие шарттары, банктердің сақтыққа негізделген несие саясаты, сондай-ақ автодилерлердің акциялары мен маркетингтік бағдарламаларының азаюымен байланыстырады.
Автонесие мөлшерлемесі 24,4%-ға жетті
Нарықтағы елеулі өзгерістің бірі — несие құнының қымбаттауы. Бір жыл ішінде автонесиелер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме 18,8%-дан 24,4%-ға дейін өсті.
Сарапшылардың пікірінше, бұған қаржы тарту құнының өсуімен қатар сұраныс құрылымының өзгеруі де әсер етуі мүмкін. Төлем қабілеті жоғары сатып алушылардың бір бөлігі бұған дейін дилерлердің субсидияланған бағдарламаларын пайдаланып, көлік сатып алған болуы ықтимал. Соның нәтижесінде қазіргі сұраныстың басым бөлігін стандартты несие шарттарын пайдаланатын қарыз алушылар қалыптастырып отыр.
Мақұлданған өтінімдердің үлесі де 17,6%-дан 16,8%-ға дейін төмендеді. Жалпы бөлшек несиелеуде бұл көрсеткіш 28,8%-дан 25,3%-ға дейін азайған.
ҚҚҚ сарапшылары банктердің несие беруге сақтықпен қарауын халықтың нақты табысының небәрі 0,1%-ға өсуімен және макропруденциялық реттеудің күшеюімен де байланыстырады.
Берілген автонесие көлемі 24%-ға азайды
Бірінші жартыжылдықта автокөлік сатып алуға мақұлданған өтінімдер саны 13%-ға азайып, 449,7 мыңға дейін төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 68%-ға өскен болатын.
Ал нақты берілген автонесиелер көлемі одан да айтарлықтай қысқарды. Алты айда 886,6 млрд теңгенің автонесиесі берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24%-ға аз. Салыстыру үшін, жалпы бөлшек несие беру көлемі осы кезеңде 3,6%-ға төмендеген.
— Осылайша, бұған дейін бөлшек несиелеудің негізгі драйверлерінің бірі болған автонесиелеу қазір оның баяулауына әсер ететін факторлардың біріне айналды, — дейді сарапшылар.
Жаңа бөлшек қарыздардағы автонесиелердің үлесі де 2025 жылдың қорытындысындағы 13,2%-дан биылғы бірінші жартыжылдықта 9,9%-ға дейін төмендеді.
Автонесие отбасылық бюджетке көбірек салмақ түсіре бастады
Пайыздық мөлшерлемелердің өсуі автокөлік сатып алушылардың борыштық жүктемесіне де әсер етті. Автонесие бойынша ай сайынғы төлемнің орташа жалақыға арақатынасы 24,7%-дан 30,6%-ға дейін өскен. Дегенмен бұл көрсеткіш 50% шекті деңгейден әлі де айтарлықтай төмен.
Сарапшылар орташа несие сомасының азаюы қарыз құнының өсуін өтей алмағанын атап өтті. Бұл автонесиелеу нарығының пайыздық мөлшерлемеге сезімтал екенін көрсетеді.
Мерзімі өткен берешек үлесі өсті
Нарықтағы белсенділіктің төмендеуіне және несие құнының қымбаттауына қарамастан, автонесие портфелінің сапасы әзірге салыстырмалы түрде тұрақты.
Мерзімі өткен автонесие берешегінің үлесі 2,7%-дан 3%-ға дейін өсті. Алайда бұл жалпы бөлшек несие нарығындағы 4,4% көрсеткіштен төмен.
Сарапшылардың пікірінше, проблемалық берешектің салыстырмалы түрде төмен деңгейде сақталуына автонесиенің кепілмен берілуі және қарыз алушыларға қойылатын қатаң талаптар ықпал етеді.
Жаңа несие беру көлемінің қысқаруына байланысты автонесие портфелінің өсімі де баяулады. Бірінші жартыжылдықта портфель 5,2%-ға ұлғайды. Бір жыл бұрын өсім 23,2% болған.
Соған қарамастан автонесиелер халықтың жалпы қарызында айтарлықтай үлеске ие. Олардың үлесіне бөлшек несие портфелінің 16,3%-ы тиесілі. Берешектің 90%-дан астамы 5-20 млн теңге аралығында шоғырланған.
Қазақстанда автомобиль өндірісі екі есеге жуық артты
Несие нарығындағы белсенділік төмендегенімен, Қазақстанда автомобиль өндірісі айтарлықтай өсті. Биылғы бірінші жартыжылдықта елде 138,7 мың автомобиль шығарылған. Былтыр осы кезеңде 69,8 мың көлік өндірілген еді.
Сарапшылардың пікірінше, отандық автомобильдер ұсынысының артуы жылдың екінші жартысында нарықты қолдайтын факторлардың біріне айналуы мүмкін.
Автонесие алған бірегей қарыз алушылар саны да өсіп келеді, алайда өсім қарқыны баяулаған. Алты айда олардың қатары 66 мың адамға артты. Бір жыл бұрын өсім 80 мың адам болған.
ҚҚҚ сарапшылары жаңа сатып алушыларды тарту әлеуеті сақталғанын, бірақ несие құнының жоғары болуы мен халықтың төлем қабілетінің шектеулілігі бұл үдерісті баяулатып отырғанын атап өтті.
Үшінші тоқсанда банктер автонесиеге сұраныстың біршама қалпына келуін күтеді. Бұған банктер мен автодилерлердің серіктестік бағдарламаларының қайта жандануы, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және ақша-несие шарттары жұмсарған жағдайда қарыз ресурстары құнының төмендеуі ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап автонесие беру талаптары өзгеруі мүмкін.