Қазақстанда әйелдер обырдан емделгеннен кейін де дүниеге бала әкеле алады

Репродуктивтік медицина институтында обырға шалдыққан 3 әйелге репродуктивтік денсаулығын қалпына келтіру оталары сәтті жасалды. Емдеу шаралары біткеннен кейін олар балалы бола алады.
Онкологиялық науқастардың аналық безі тіндерін криоконсервациялау оталарының өзектілігі сонда, соңғы жылдары репродуктивтік функцияларын табысты іске асыра алмаған жас әйелдерде қатерлі ісік ауруларын анықтау жағдайлары арту түсуде.
Обырды емдеуде қолданылатын химиотерапия, сәулелік терапия сияқты әдістер гонадотоксикалық әсер етеді. Әйелдер бала көтере алмай, бедеулік пайда болады.
Инновациялық әдістерді ендіру үшін Репродуктивтік медицина институтына Жапонияның университеттік клиникасынан мамандар шақырылды. Аналық безі тінінен лапароскопиялық алу және криоконсервациялау шараларын жапондық профессорлар қазақстандық мамандармен бірге атқарды. Операция химиотерапия алуы тиіс 3 әйелге жасалды.
Ерітілген аналық безі тінінің аутотрансплантациясы онколог-дәрігерлердің қорытындысына сәйкес әйелдерді сауықтыру үшін жасалады.
Отандық хирургтермен бірге ота жасаған профессор Нао Сузуки: «Химия-сәулелік терапиямен емдеуден кейін болуы ықтимал зардаптар және репродуктивтік функцияларды сақтау әдістері жөнінде науқастарға айту - онколог-дәрігерлердің парызы. Бүгінгі таңда медицина жаңа шешімдер ұсынуға қауқарлы. Қазақстанның бұл салада көштен қалмай келе жатқаны қуанышты»,-дейді.
Репродуктивтік медицина институтының директоры Тамара Жүсіпәлиева өз кезегінде: «Онкологиялық науқастарға репродуктивтік функцияларын, дүниеге бала әкелу қабілетін сақтауға көмектесу біздің міндетіміз. Қазақстанда мұның шындыққа айналғаны бізді қуантады. Біздің институтта онкологиялық науқастарға мұндай көмек тегін көрсетіледі. Жоба тек қайырымдылық мақсатында іске асырылады»,- деп атап өтті.
Бельгияда Ходжкин лимфомасынан толық емделіп шыққан әйелге 6 жылдан соң ерітілген криоконсервацияланған аналық безі тіндерін қайта салғаннан кейін алғашқы бала 2004 жылы дүниеге келді. Бұл әдісті қолдану арқасында бүгінгі дейін 40 бала туылды.