Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қадағалау ережесі жаңартылды
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі азық-түлік қауіпсіздігі жағдайына мониторинг жүргізу тәртібін бекітті. Тиісті қаулы 2026 жылдың 13 қаңтарында қабылданды.
Құжат 2010 жылғы 12 сәуірде қабылданған №296 Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіп, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты деректерді жинау мен талдау тетіктерін жаңартуды көздейді. Жаңа ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Қаулыға сәйкес, мониторинг «Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң талаптарына сай жүзеге асырылады және мынадай бағыттарды қамтиды:
- – азық-түлік тауарларының өндіріс көлемі, олардың қозғалысы мен қордағы нақты мөлшері;
- – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы.
Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі төрт негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады:
- тауарлық баланс қорытындысы негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен ішкі нарықты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі;
- азық-түлік өнімдерін өндіруші кәсіпорындардағы баға индексі;
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі;
- негізгі азық-түлік тауарлары қорының көлемі.
Аталған көрсеткіштерді есептеу міндеті әртүрлі мемлекеттік органдарға жүктелген. Атап айтқанда, ішкі өндіріс деңгейі мен тауарлық теңгерім агроөнеркәсіптік кешен және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органдар тарапынан айқындалады. Баға көрсеткіштері ресми статистикалық деректер негізінде қалыптастырылса, азық-түлік қорына қатысты мәліметтер аудандық және облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар арқылы жиналады.
Қорлар туралы деректер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы, шаруа және фермер қожалықтарындағы, астық қабылдау пункттері мен элеваторлардағы, сауда орындарындағы, сондай-ақ өңірлік тұрақтандыру қорларындағы өнім көлемін қамтиды.
Мониторинг уәкілетті орган тарапынан мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйене отырып, соның ішінде нақты уақыт режимінде жүргізіледі.
Жыл қорытындысы бойынша, үшінші тоқсанның соңына дейін азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мониторинг нәтижелері мен мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
Сарапшы Фархад Хасеновтың пікірінше, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтты. Сарапшының осы бағыттағы ой-пікірін мына материалдан оқи аласыз.