Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда азық-түлік өндірісі 14,7%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM — Тамақ өнеркәсібі тұрақты оң серпін көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Азық-түлік
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ол өсім негізгі азық-түлік өнімдерінің барлық түрлері бойынша байқалатынын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға артты.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сала жоғары өсу қарқынын сақтап, өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға ұлғайды.

— Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі де тұрақты оң динамика көрсетіп, 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың деңгейінен 46%-ға жоғары. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында АӨК-тің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 926 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға артты, — деді Азат Сұлтанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,4%-ға артып, 2,2 трлн теңгені құрағанын жаздық. Өсім еліміздің барлық өңірінде байқалған.