Қазақстанда балалар ұйымдарында санитариялық бақылау тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балаларға арналған ұйымдарда санитариялық мемлекеттік бақылау қағидалары өзгеруде, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, балалар лагерьлерінде және өзге де балалар ұйымдарында бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Басты мақсат – әр бала үшін қауіпсіз, сау және қолайлы орта қалыптастыру.
Жаңа жүйеге сәйкес жоспарлы тексерулер екі санат бойынша жүргізіледі: жоғары қауіп тобы – кемінде жарты жылда бір рет, төмен қауіп тобы – жылына бір реттен артық емес. Тексерілетін ұйымдардың тізімдері ашық жарияланып, ата-аналар мен қоғам бақылау барысын көре алады.
Мониторингтің жаңа форматы бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мектептердің оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық мекемелердің эпидемиялық сынақтарға дайындығы Мемлекет басшысы, Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары бойынша бағаланады.
Маңызды өзгеріс – алғашқы тексеруде айыппұл қолданылмайды. Ұйымдарға анықталған олқылықтарды түзетуге уақыт беріледі.
Сондай-ақ санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер жүйелі бұзушылықтарды жоюды талап ете алады, нұсқамаларды жергілікті және орталық органдарға жіберуге құқылы, сондай-ақ мекемелерге қауіпсіздік стандарттарын жақсартуда әдістемелік қолдау көрсетеді.
4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Қазіргі уақытта заңның толық орындалуын қамтамасыз ететін заңға тәуелді актілер әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, Петропавлда құрт-құмырсқа табылған мектеп асханасына ата-аналар бойкот жариялады.