Қазақстанда баланы өз қамқорлығыңызға қалай алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасылық тәрбие беру үшін бірнеше тетік қарастырылған. Соның ең қолжетімді әрі кең таралған түрі – қорғаншылық және қамқоршылық. Бұл рәсім қалай жүзеге асады?

Кімдер қорғаншы бола алады?
Заңға сәйкес, баланы отбасына алу үшін үміткер белгілі талаптарға сай болуы тиіс. Қорғаншы тек кәмелет жасына толған Қазақстан азаматтары бола алады. Олар:
-
толық әрекетке қабілетті болуы
-
соттылығы болмауы
-
наркологиялық және психиатриялық есепте тұрмауы
-
ата-ана құқығынан айырылмауы
-
тұрақты табысы мен баспанасы болуы
-
денсаулығына қатысты оң қорытынды алуы тиіс.
Алғашқы қадамдар қандай?
Ең алдымен тұрғылықты жері бойынша білім басқармасына қарасты қорғаншылық және қамқоршылық органына жүгіну керек. Мұнда азаматқа кеңес беріледі және құжаттар тізімі түсіндіріледі.
Келесі кезең – асырап алғысы келетін адам үш айлық онлайн «қорғаншылық мектебінен» өтуі тиіс. Бұл талап жақын туыстарға қатысты қолданылмайды.
«Болашақ қорғаншы денсаулық, табыс, соттылықтың болмауы туралы анықтамаларды тапсырып, республикалық дерекқорға тіркеледі. Осыдан кейін бала таңдалып, алғашқы танысу жүргізіледі», – деді Қостанай облысы Білім басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Лазарева.
Балалар мен қорғаншылар құқықтары
Балаға мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік жеңілдіктер, жәрдемақылар, алимент және баспананы пайдалану құқығы сақталады. Ал қорғаншы балаға ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алады. Алайда, патронат немесе қабылдаушы отбасындағыдай қосымша еңбекақы төленбейді.
Ерекшелігі неде?
Қорғаншылық 14 жасқа дейінгі балаларға қойылады, ал 14-тен 18 жасқа дейін қамқоршылық белгіленеді. Қорғаншы әр алты ай сайын қорғаншылық органына баланың денсаулығы, тәрбиесі мен мүліктік жағдайы туралы есеп беруге міндетті.
«Ата-анасынан айырылған бала үшін отбасы – ең алдымен мейірім мен қамқорлықтың символы. Қорғаншылық – баланың отбасылық ортада өсіп-жетілуіне мүмкіндік беретін ең қолжетімді тетіктердің бірі», – деп түйіндеді Анна Лазарева.
Айта кетейік, енді қамқоршылық тағайындау қызметіне өтінімді eGov.kz арқылы бере аласыз.