Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда балық өнімдері нарығы 106 мың тоннадан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балық шаруашылығы саласын дамыту, акваөсіру көлемін арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

ыв
Фото: ОКҚ

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

– Былтырғы қорытынды бойынша Қазақстандағы балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау шаралары, саланы цифрландыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай акваөсіру көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 2029 жылға қарай кәсіпшілік балық аулау көлемі 100 мың тоннаға жеткізіледі. Өткен жылы 49,6 мың тонна балық ауланып, акваөсіру шаруашылықтарында 22,9 мың тонна өнім өндірілді. Сондай-ақ 21 мың тонна балық өнімі экспортталды, – деді Серік Сермағамбетов.

Оның айтуынша, кәсіпшілік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында дамыған.

Қазіргі таңда салада 537 балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олар 12 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Балық өңдеумен жылдық қуаты 126 мың тоннаны құрайтын 73 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттау құқығына ие. Жалпы қазақстандық балық өнімдері әлемнің 21 еліне жеткізіледі.

2025 жылы өңделген өнім көлемі 37 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың көрсеткішінен 24%-ға артты.

Терең өңдеуді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан салықтық және қаржылық қолдау шаралары қарастырылған. Балық өңдеуші кәсіпорындар үшін қосылған құн салығы 70%-ға төмендетілген. Сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беріледі.

Саланы цифрландыру аясында E-fish ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бүгінде жүйеде балық шаруашылығы және акваөсіру саласының 1 221 субъектісі тіркелген.

Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесімен біріктіру нәтижесінде рұқсат етілген аулау немесе өсіру көлемінен асып кеткен жағдайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу автоматты түрде бұғатталады. Нәтижесінде балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарды.

Алдағы уақытта «Акваөсіру» модулі іске қосылады. Ол балық өсіру шаруашылықтарының бірыңғай тізілімін жүргізуге, өндірістік көрсеткіштерге мониторинг жасауға және саланың қажеттілігін болжауға мүмкіндік береді.

Каспий итбалығын қорғау мақсатында 2024 жылғы қазанда «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Қазіргі уақытта оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Атырау бекіре балық өсіру зауытының «Жаңаталап» және «Еркінқала» учаскелері жаңғыртылуда. Бұл бекіре шабақтарын өсіру көлемін жылына 5 миллионнан 7,5 миллион данаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Акваөсіруді қолдау көлемі 2021 жылдан бері 11,5 есеге өсіп, биыл 5,3 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде балық өсіру шаруашылықтарының саны екі есеге артып, 684 болды.

2025 жылы салаға салынған инвестиция көлемі 5,8 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартылды.

2021-2025 жылдары жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 95 жоба іске асырылды. 2028 жылға дейін шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Атырауда көлшіктерде қалып қойған 5,4 млн балық шабағы құтқарылды.