Қазақстанда банкроттық рәсімдерді өткізу жеңілдейді
Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
«Елбасы өткен жылғы қыркүйекте Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясының ашылуында оңалту және банкроттық рәсімдерді жетілдіру қажеттілігі туралы атап өткен болатын. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында министрлік тарапынан заң жобасы әзірленді. Бүгінде 400-ге жуық кәсіпорын оңалту рәсімін, 4 мыңға тарта бизнес субъектілері банкроттық рәсімін қолдануда. Негізінде, қаржылық жағдайы ауыр бизнес субъектілерінің саны айтарлықтай көп», - деп тоқталды Қ. Баеділов.
Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы заң кәсіпкерге тез арада сәтсіз бизнесін жабуға жол бермейді, сондай-ақ бүгінде әлеуеті барларға оңалту процесіне жүгінуге қиын болып отыр.
«Әрбір төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Кішкентай активтердің бар болуы сот үшін қарыздарды өтеуге мүмкіндік бар деп есептелінеді. Осындай жағдай оңалтуды қолдануда да байқалып отыр», - деді вице-министр.
Аталған заң жобасында банкроттық рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту ескерілген. Бұл ретте кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіктерін мобильді кредиторлар комитетіне беру, басқарушылардың банктік құпияны құрайтын мәліметті алу тәртібін жеңілдету, әдейі және жалған банкроттық үшін жауаптылыққа тарту тәртібін өзгерту қарастырылған.