Қазақстанда банктердің қаржылық есептілігіне қойылатын талап күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қаржы ұйымдары мен банктердің қаржылық есептілігін жариялау тәртібі жаңартылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен қаржылық есептілік пен негізгі қызмет көрсеткіштерін жариялау қағидалары бекітілді.
Құжатқа сәйкес, жекелеген холдингтік құрылымдарды қоспағанда, акционерлік қоғамдар мен қаржы ұйымдары жыл сайын 31 тамызға дейін халықаралық стандарттарға сай әзірленген жылдық қаржылық есептілік пен аудиторлық қорытындыны жариялап отыруы тиіс.
Егер ұйымның еншілес компаниялары болса, шоғырландырылған қаржылық есептілік жарияланады. Ал еншілес ұйымдары жоқ мекемелер шоғырландырылмаған есептілікті жариялайды. Қаржылық есептілік бұқаралық ақпарат құралдарында немесе ұйымдардың ресми сайттарында жарияланады.
Ал ресми сайты жоқ микроқаржы ұйымдары есептілікті салалық қауымдастықтардың сайттарында жариялай алады. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер, сақтандыру ұйымдары және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ әр тоқсан сайын есепті кезең аяқталғаннан кейін 60 күнтізбелік күн ішінде бухгалтерлік баланс пен кірістер мен шығыстар туралы есепті жариялап отыруы тиіс.
Құжатта банк және сақтандыру холдингтеріне, сондай-ақ шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарына қатысты да жеке талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, есептілікті жариялау мерзімі мен қазақ және орыс тілдерінде ұсынылатын міндетті құжаттар тізімі нақтыланды.
Қаулы 2026 жылғы 17 мамырдан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз жүктемесін жеңілдетудің заңды жолдары туралы түсініктеме берген еді.