Қазақстанда барлық халық қазақша сөйлейтін болса, біз де бір ұлт, бір елге айналамыз - Елбасы
АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Халыққа жаппай қазақ тілін үйретсек, бір ел боламыз. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыдағы резиденциясында мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлеріне Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы мен сыйлығын табыс ету кезінде айтты.
«Зиялылар арасында тіл мәселесі жиі көтерілетіні белгілі. Ұлттың тынысы, санасы ұлттық тілмен ғана баянды болады. Қазақтың мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Ол Ата заңмен бекітілген. Ешкімнің оған дау-дамайы жоқ. Ол тарихи шындық болып табылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, мемлекеттік тіл жайында Жолдауда да арнайы тоқталып айтылған. 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызының қазақ тілін білуі көзделіп отыр. Оған негіз жасалған. Жалпы, сырттан келгендер Америкада - американ, Францияда- француз. Олардың бәрін ұйымдастырып отырған - бір тіл. Сондықтан Қазақстанда барлық халық қазақша сөйлейтін болса, біз де бір ұлт, бір елге айналамыз.