Қазақстанда баспана бағасы төмендеуі мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM — Базалық мөлшерлеме көтерілді. Енді ол жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өзгеруіне тікелей әсер етеді. Бұл туралы «JibekJoly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында ипотека брокері Алмажан Кенжеғұлқызы айтты.
— Базалық мөлшерлеменің көтерілуі — банктер арасындағы ақшаның жоғарылағанын білдіреді. Яғни, ипотека болсын, кредит болсын олардың мөлшерлік ставкасы өсті деген сөз. Бұл ипотекаға сұраныс пен банк алдындағы тәуекелділікті азайтады, — дейді Алмажан Кенжеғұлқызы.
Ол, бұл үрдіс банктердегі пайыздық мөлшерлеменің ұлғаюына да әсер ететінін айтады. Дипозит пен кредиттің де мөлшері артады.
— Оны банктер бірден көтеруі мүмкін емес. Нарықты бақылай отыра, бірте-бірте көтере бастайды. Бұл қатты қорқатын жағдай емес. Ол елдегі инфляцияның деңгейіне байланысты, - деді ипотека брокері.
Демек, спикердің сөзінше алдағы уақытта баспана алу қиындайды. Себебі, несие пайызымен қоса, айлық төлем көлемі де артады. Сәйкесінше, сұраныс та азаюы мүмкін.
— Ипотекалық несиенің қолжетімділігі қиындайды. Айлық төлем өскендіктен түрлі кедергілер де шығады. Бұл жерде қиындық туғызатын мәселе — азаматтардың банк алдында өзінің табысын растауы. Себебі, қазір шығындар көп, бірақ жалақы көлемі өзгеріссіз. Бұның барлығынан дүрлігіп қорқа берудің де қажеті жоқ, — дейді ол.
Сала маманының айтуынша, алғашқы жарнасы бар азаматтарға алаңдайға негіз жоқ. Қаржылық тұрақтылықты реттеу арқылы белгілі бір несиеге өтінім беруге де болады екен.
Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді.