Қазақстанда баспана құрылысының жылдық жоспары артығымен орындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда баспана құрылысының жылдық жоспары асыра орындалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті.

Қазақстанда баспана құрылысының жылдық жоспары артығымен орындалды

«Тұрғын үй құрылысында оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Жылдық жоспар 7,1 млн. шаршы метр болса, 2015 жылдың 11 айында 7,7 млн. шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 21,7 пайызға артық», - деді М. Жайымбетов.

Осы орайда елімізде 66,4 мың отбасы баспаналы болды.

«Сонымен қатар биылдың 11 айында 651,3 млрд. теңге инвестиция бағытталып, оның 524,2 млрд. теңгесі немесе 80,5 пайызы жеке инвестициялар», - деп тоқталды комитет төрағасы.

Оның айтуынша, 2015 жылдың 11 айында 86 мың шаршы метр арендалық тұрғын үй салынды немесе жылдық жоспардың орындалуы 102 пайызды құрап отыр. Жергілікті атқару органдарында кезекте тұрған 1,2 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылды.

«Биыл жас отбасыларға баспана салуға 4,7 млрд. теңге бөлінді. Жас отбасылар үшін арендалық тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Есепті кезеңде 57,8 мың шаршы метр пайдалануға берілді немесе жылдық жоспарға 185 пайызды құрап отыр. Осы арқылы 1 мыңнан астам жас отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді», - деп түйді М. Жайымбетов.