Қазақстанда білім және ғылымды дамытудың жаңартылған мемлекеттік бағдарламасы қабылданады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл білім және ғылымды дамытудың жаңартылған мемлекеттік бағдарламасын қабылдау көзделген. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған партияның кезектен тыс 17-ші съезінде мәлім етті.
«Қазіргі кезде үш ауысымдағы білім беруді түбегейлі жою үшін, 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады. 2019 жылдан мектеп түлектеріне бірінші жұмыс мамандығын ақысыз алу қамтамасыз етіледі. Білім беру үдерісін өндіріспен тығыз байланысын қамтамасыз ету қажет, еңбек нарығында сұранысқа ие дағды мен шеберлікті жастар бойында қалыптастыру керек, сондай-ақ кадрларды даярлау барысына жұмыс берушілерді тарту маңызды»,-деді Мемлекет басшысы.
Н. Назарбаев халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдаудың маңыздылығына ерекше мән беру керектігін қадап айтты.