Қазақстанда бір күнде 6 адам суға кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21 маусымда Қазақстанда 6 адам суға батып кетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қайғылы оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға байланысты болып отыр. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Көкбұлақ кентінің маңында рұқсат етілмеген жерде шомылған 1975 жылы туған ер адам батып кеткен. Оның денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алды.

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының Құрық кентінің маңында 1996 жылы туған жігіт Каспий теңізіне түсіп, батып кеткен. Оның денесін судан куәгерлер шығарып алған.

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар шомылуға арналмаған жерде суға түскен екі ер адамды іздестіріп жатыр. Оның бірі Семей қаласының жанындағы Восточный кентінде Ертіс өзеніне, екіншісі Шемонаиха қаласының маңында Үлбі өзеніне түскен. Бұдан тыс, Көкпекті ауданында жергілікті тұрғындар 1968 жылы туған ер адамның денесін судан шығарып алған. Ол арнаны тазалап жатқанда суға батып кеткен.

Тағы бір қайғылы оқиға Алматы облысында болды. Еңбекшіқазақ ауданының Ақжал ауылының жанында Қапшағай су қоймасында балық ауламақ болған 1960 жылы туған ер адам батып кеткен. Оны іздеген құтқарушылар тек денесін тапты.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар комитеті азаматтардан тек арнайы жерде шомылуын, балаларды қараусыз қалдырмауын, сондай-ақ мас күйде суға түспеуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар