Қазақстанда бөлшек сауданы мемлекеттік қолдау шаралары әзірленді
АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Бөлшек сауданы мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тауарларын бөлшек сауда желісі арқылы сату барысындағы экономикалық мүдделерін қорғауға,
сондай-ақ маңызды азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға бағытталған, деп хабарлады Экономикалық даму және сауда министрлігі Pm.kz сайтына.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, көрсетілген бағыттар тұтынушылар кооперациясын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіруді; тиімді толайым буын құруды; заманауи сауда форматтарын дамытуды қамтиды.
Сонымен қатар, оның ішінде - ішкі сауда саласындағы салық салу жүйесін жетілдіру; ішкі сауда саласындағы заңдылықтарды жетілдіру де бар.
«Аталған механизм бірқатар құжаттарды, атап айтсақ - «Бизнестің жол картасы-2020»-ға ұқсайтын «Бөлшек сауда секторы мен сауда инфрақұрылымын жаңғырту-2020» бағдарламасын, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп тұтыну кооперативтерінің барлық түрін мемлекеттік қолдауды көздейтін Қазақстан Республикасында тұтынушылар кооперациясын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді талап етеді», - делінген ведомство хабарламасында.
Бүгінгі күні ҚР ЭДСМ 2013-2020 жылдарға арналған бөлшек сауда секторы және сауда инфрақұрылымын жаңғырту механизмі бойынша ұсыныстарды әзірлеумен шұғылдануда.
Атап өту қажет, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тез бұзылатын тауарларды «өндіруші-бөлшек сауда» ұстанымы бойынша, ешқандай делдалсыз, тауарды тікелей жылжыту схемасы ілкі режімде жүзеге асырылуда.
Бұған өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, сервистік-дайындау орталықтары, ауылдық тұтынушылар кооперативтері және бөлшек сауда кәсіпорындары тартылған.
Аталған жоба тікелей жеткізу барысында пайда болуы мүмкін кедергілерді анықтап, тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі деп күтілуде, деп қорытындыланған ҚР ЭДСМ хабарламасында.