Қазақстанда бір күнде 10 орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 14 тамызда Қазақстанның орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Өңірлер бойынша Павлодар облысында – 1, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 7, «Семей орманы» резерватында – 1, Қарқаралы мемлекеттік орман табиғи резерватында 1 өрт тіркелген.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК жүргізетін әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы нәтижесінде дер кезінде анықталды.
Өрттерді сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК өрт сөндіру десанттары, тікұшақтар мен арнайы техника, сондай-ақ өзара іс-қимыл тәртібімен басқа да күштер мен құралдар тартылды.
– Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде өрттің елді мекендер мен орман алқаптарына таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай тұрақты бақылауда, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және табиғат аясында барынша сақ болуға шақырды.
Айта кетейік, Ертіс-Баян өңірінде орман өрттері 25 %-ға көбейген.