Қазақстанда дәрілік заттарды ұтымды пайдалану бойынша зерттеулер жүргізілуде

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде, деп мәлім етті Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының жанындағы Дәрілік-ақпараттық орталықтың жетекшісі Айсұлу Ахимова Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында.

Қазақстанда дәрілік заттарды ұтымды пайдалану бойынша зерттеулер жүргізілуде

«Денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасына сәйкес дәрілік заттар туралы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясындағы азаматтардың құқықтары туралы ақпарат беретін Дәрілік-ақпараттық орталық құрылды», - деді А. Ахимова.

Атап айтқанда, Орталық амбулаторлық деңгейде тегін берілетін дәрілік заттардың анықтағышын жасап шығарды.

«Қызметтің ең маңызды бағыттарының бірі формулярлық жүйені дамыту жолымен дәрілік заттарды ұтымды пайдалану қағидаларын енгізу болып табылады. Шығыстардың жинақ анализін қолдана отырып медициналық ұйымдардың формулярларына зерттеу жүргізу жоспарлануда», - деп атап көрсетті орталық жетекшісі.

Айта кету керек, 2011 жылы орталық «Euro Health Group» халықаралық консалтингілік компаниясының үйлестіруімен зерттеу жұмыстарын жүргізді және жұмыста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының индикаторларын қолданды. Бұл зерттеу жұмыстары дәрілік заттарды ұтымды пайдалану мәселесіне, Қазақстан Республикасындағы фармацевтика саласы мен ондағы баға түзу мәселесіне қатысты болды.