Қазақстанда дауасы жоқ дерттерге шалдыққан 98 мыңға жуық адам паллиативті көмекке мұқтаж - Г. Кунирова (ФОТО)

Оның үстіне, қатты сырқат адамға опиоид беріп, ауруын тежей тұруға заң бойынша тыйым салынбаған. Сөйте тұра, елімізде паллиативті көмек беру саласының дамуына не кедергі болып отыр? Бүгін Астанада өткен «Паллиативті көмек: өмір сүруді жақсарту» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында Қазақстанда паллиативті көмек көрсету қауымдастығының президенті, «Қатерлі ісікке қарсы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Гүлнəр Кунирова осы сұраққа жауап бере отырып, бұл саланы дамыту үшін стратегиялық жоспар керек дейді.
«Паллиативті көмек деген ұғым - Қазақстан қоғамына əлі сіңе қоймаған ұғым. Бірақ, əлемнің дамыған елдерінің медицинасы осы паллиативті көмекті қатар дамытып келеді. Өкінішке орай, Қазақстанда осы көмек түрі хоспистердің жұмысымен ғана байланыстырыла айтылады, ал елімізде хоспистер 1999-2000 жылдары пайда болған. Содан бері паллиативті көмек көрсету саласы көп дамыған жоқ. 2009 жылы "Қазақстан Республикасы халқының денсаулығы туралы" заң жобасы қабылданса да, 2013 жылы паллиативті көмек көрсетудің ұлттық стандарты қабылданса да, бұл сала əлі тиісті дəрежесіне жеткен жоқ",-дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда дауасы жоқ дерттерге шалдыққан 98 мыңға жуық адам паллиативті көмекке мұқтаж. Бірақ, адам жазылмайтын ауруға шалдықса, оған паллиативті көмектен қарағанда, мықты мамандардың кеңесі, күрделі операциялар мен күшті дəрі-дəрмек көбірек қажет шығар деген сұрақ туындайды. Дəл осы ретте Гүлнəр Кунирова паллиативті көмектің мақсаты мен қажеттілігі туралы айтып берді.
"Паллиативті көмектің бірінші мақсаты - адамның денесіндегі қатты шаншытатын ауруларды жеңілдету. Бұл өз алдына үлкен ғылым десек те болады. Себебі, емделмейтін аурулар біресе басты, біресе кеудені қатты ауыртады да адам қатты қиналады. Ал, паллиативті көмек бере алатын мамандар болса сол ауруды азайтып, адамға тек медициналық емес, психологиялық көмек береді. Онымен қоса, адамға демеу болып, онымен сырласады, былайша айтқанда, бəрі бір аз ғана ғұмыры қалған адамның тəніндегі ауруды азайтып, оған демеу болады. Өкінішке орай, Қазақстанда паллиативті көмекке бейімделген мамандар жоқтың қасыю Дəл қазіргі жағдай бойынша, елімізде паллиативті көмек көрсету үшін 6600 маман керек. Ал, оқу орнындарында бұл мамандық мүлде оқытылмайды",-дейді ол.
"Қатерлі ісік болсын, өкпе ауруы болсын, қант диабеті, тіпті мүгедектік болсын, осы ауруға шалдыққанн адамдар күні-түні адам жаны төзбейтін ауруларды сезінеді. Ия, ракқа шалдыққан адамды толықтай айықтырмаса да, ондай адамдарға операция жасалады, олар химиятерапиядан өтеді. Бұл шаралар біткен соң науқас үйіне шығады немесе ары қарай ауруханада емделе береді. Бірақ, қатерлі ісікке шалдыққан адамның тəні операцияға дейін де, операциядан кейін де қатты ауруларды сезінеді. Міне, паллиативті көмектің бір тармағы -опиоидтар қолдану арқылы адамның бойындағы ауруларды тежеп отыруға болады. Көп адам опиоидті айтқанда, адамды нашақор ретінде елестетеді. Бірақ, бұл мүлде теріс түсінік. Опиоид анальгетиктердің дозасын дұрыс тауып, оны адамға беріп отырса, адам оған тəуелді болмайды, керісінше, өне бойындағы қатты шаншуларды уақытша болсын тоқтатып, дұрыс ұйықтай алады. Адамның денесіндегі ауруды басу үшін берілген опиоид анальгетиктерден адам наша тұтынғандай лəззат та алмайды, оған тəуелді де болмайды. Оның үстіне, қатерлі ісікке шалдыққан адамның соңында тамыры да табылмай қалады. Сондықтан, ине сала беруден гөрі сұйықтық немесе таблетка ретінде осы опиоидтер беріліп отырса, болады",-дейді Г. Кунирова.
Г.Күнирова атап өткендей, Қазақстанда ауруды азайтатын опиоидтер беруге ешкім тыйым салмаған. Бірақ, сол баяғы "есірткі берумен тең" деген теріс түсініктің салдарынан дəрігерлер ересектерга опиоид тағайындаса да, оны өте аз мөлшерден асырмай береді. Сондықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізімінде Қазақстан "жазылмайтын ауруға шалдыққандарға опиоид анальгетик құралдары керек жоқ" ел ретінде тіркеліп тұр жəне тиісінше квота да аз бөлінеді. Г.Кунированың айтуынша, жазылмас дертке шалдыққан балалардың тағдыры мүлде бөлек əңгіме. Қазақстанда қатты ауыратын балаларға шаншуды азайтатын дəрілер, яғни, опиоидтер мүлде берілмейді. Сондықтан, сəбилер тіпті ересектердің жаны мен тəні төзбейтін шаншу ауруларға шыдаумен келеді...