Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді — Қасым-Жомарт Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Раумен кездесу кезінде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
None
None

Кездесуде Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумға дайындық барысы туралы айтты.

– Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы. Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді, – деді Президент.

Қазақстан Президенті Польшамен арадағы екіжақты ынтымақтастық жөнінде айта келе, осы елді Орталық Еуропа аймағындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 12 пайызға артып, 760 миллион долларға жетті. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін мүмкіндігіміз мол, – деді Қазақстан көшбасшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

– Менің бағалауым бойынша, алдағы референдум Конституцияға өзгерістер енгізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілету жөніндегі Сіздің күш-жігеріңіз тұрғысынан үлкен серпіліс саналады. Алдағы референдум – оң өзгерістерге жол ашатын саяси ерік-жігердің айрықша белгісі. Сіздің еліңіздегі конституциялық реформалар демократия, бостандық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өткім келеді, – деді поляк дипломаты.

Збигнев Рау еліміздегі діни қауымдастықтар және азаматтық қоғам өкілдерімен өткізген кездесулері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ ол ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне жоғары баға беріп, Қазақстанда тұратын поляк диаспорасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар