Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны беру тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде электронды цифрлық қолтаңбаны файлда тасымалдауды тоқтатпақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мәлім етті.

«Қазір биометриялық сәйкестендіру белсенді дамып келеді, яғни бұлтты ЭЦҚ. Сондай-ақ, өте сенімді токендер, олардан ЭЦҚ алу мүмкін емес. Цифрландыру заманында барлық азаматты жаппай қамтуға және оларды цифрлық электрондық қолтаңбалармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең қарапайым әдіс - файлда тасымалдайтын ЭЦҚ беру болды. Енді файл тасымалдағышта ЭЦҚ беру рәсімін тоқтатқымыз келеді. Бірақ, бұл әдіс әзірге ең қауіпсіз болып отыр», - деді Руслан Әбдіқалықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін жеке дерегі ұрланғандардың Egov кабинетінде «стоп кредит» тетігі автоматты түрде іске қосылатыны туралы хабарлаған едік.