Қазақстанда электросамокаттарға шектеу енгізу керек пе - депутат пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда электрсамокаттарды реттеу мәселесі соңғы уақытта жиі көтерілуде. Алайда жаңа талаптарды енгізбес бұрын, бұл көлік түрінің ел ішінде қалай қолданылып жатқанын нақты түсіну керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге назар аударған жөн. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков айтты.

электросамокат
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Депутаттың дерегінше, бүгінде ел бойынша шамамен 30 000 шерингілік және 100 000-нан астам жеке электрсамокат бар. Тіркелген пайдаланушылар саны 2 миллионнан асады. Алматыда тәулігіне 100 000-нан жоғары сапар жасалады. Бұл электрсамокаттардың қалалық қозғалыста маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

- Бұл көлік түрінің танымалдығының артуына бірнеше фактор әсер етті: қоғамдық көлік жүктемесінің жоғарылауы, такси бағасының қымбаттауы, көлік тұрағы орындарының тапшылығы, жанармай мен автокөлік бағасының өсуі және ірі қалалардың тығыздығы. Осы себептен көлік жүйесіне түсетін салмақ артты, ал көптеген тұрғындар үшін электрсамокат қысқа және орта қашықтыққа қолжетімді көліктің балама түріне айналды.

Соған қарамастан, Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты шектеулер енгізіле бастады. Бірақ ресми деректер қауіптің деңгейі асыра көрсетіліп отырғанын аңғартады, - деп жазды Олжас Құспеков желідегі парақшасында.

Ал Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитетінің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларына қатысты дерегінше, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 123 адам зардап шеккен. Салыстырмалы түрде осы кезеңде жеңіл көлік жүргізушілерінен 28 646, автобустардан 1145, мопед жүргізушілерінен 897, ал велосипед жүргізушілерінен 238 адам зардап шеккен.

- Статистика электрсамокаттардағы авариялық деңгей барлық басқа көлік түрлеріне қарағанда әлдеқайда төмен екенін дәлелдейді. Сондықтан бүгін енгізіліп жатқан шектеулер эмоцияға емес, нақты деректерге сүйенген тәсілді талап етеді, - деген депутат.

Депутат халықаралық тәжірибеде тиімді әрі қауіпсіз шешім әрдайым жүйелі түрде қабылданатынын атап өтті.

- Мысалы, жол-көлік оқиғаларында нөлдік өлім-жітімге қол жеткізген Осло қаласында мұндай тәсіл велосипед инфрақұрылымын дамытуға, тұрақ аймақтарын құруға және сервис операторларымен ынтымақтастыққа негізделген. Осындай кешенді шаралардың арқасында жоғары деңгейдегі қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 2025 жылы Ослода жалға берілетін самокаттар саны екі есе артты: 8000-нан 16000-ға дейін.

Әлемдегі ең көп самокат Мәскеуде (75 000-нан астам). Онда бақылау толығымен цифрландырылған: самокаттарға цифрлық нөмір қойылып, ережебұзушылық автоматты түрде тіркеледі. Бұл ашықтықты арттырып, пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейтеді, - дейді Құспеков.

Сондықтан қазіргі жағдай жекелеген шектеулерді емес, ойластырылған реттеуді және заңнаманы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатта мемлекеттік органдар мен сала өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтпек.

Ұсынылып отырған шараларға заңнаманы жаңарту, тәртіпті күшейту үшін бірлескен рейдтер өткізу, процестердің бір бөлігін автоматтандыру үшін электрсамокаттарды «Сергек» жүйесімен интеграциялау, балалар мен студенттерге жол жүру ережелерін үйрету, веложолдар мен тұрақ аймақтарын дамыту, самокаттарды цифрлық сәйкестендіру және мас күйінде жүру мен ауыр зардаптары бар апаттар үшін жазаны қатаңдату кіреді.

- Электросамокаттар Қазақстанның қалалық көлік жүйесінің бір бөлігіне айналды. Барлық жол қозғалысы қатысушылары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау - инфрақұрылымды дамыту, цифрлық құралдарды енгізу, пайдалану мәдениетін қалыптастыру және бірыңғай, түсінікті ережелерді енгізуді қажет ететін жүйелі жұмыс. Халықаралық тәжірибеде дәл осындай кешенді шешімдердің тиімділігі дәлелденген, - деп жазылған Құспековтің парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстанда самокат тізгіндегендерге қосымша шектеу әзірленеді.

Соңғы жаңалықтар