Қазақстанда емханаға қаралу тәртібі өзгерді: Дәрігерлер науқасты бірден үш маманға жібере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда емханаға жүгіну тәртібі жеңілдеді. Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, енді дәрігер науқасты бірден үш маманға жібере алады. Кей жағдайда бейінді дәрігерге қаралу үшін учаскелік терапевтің жолдамасы да қажет болмайды. Бұл өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығында жазылған.
Министрліктің 2026 жылғы 16 шілдедегі №77 бұйрығы 3 тамызда күшіне енді.
Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – жолдама беру тәртібінің жеңілдетілуі. Енді бейінді дәрігер науқастың жағдайына қарай қосымша тексерулерге және бірден үш түрлі маманның консультациясына жолдама бере алады.
Бұған дейін науқас қосымша мамандарға қаралу үшін қайтадан учаскелік дәрігерге барып, жаңа жолдама алуы керек еді. Жаңа тәртіп дәрігерлер арасындағы басы артық рәсімдерді азайтып, диагноз қою мен емдеуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ азаматтардың дәрігер қабылдауына жазылу жолдары нақтыланды. Енді қабылдауға емхананың тіркеу бөлімі, call-орталығы, медициналық ақпараттық жүйелер, мобильді қосымшалар және электрондық сервистер арқылы жазылуға болады.
Бұйрықта медициналық құжаттарды рәсімдеу талаптары да жаңартылған. Дәрігерлер тексеру нәтижелерін, диагнозды, емдеу жоспары мен қорытындысын ақпараттық жүйеге енгізуге міндетті. Егер жүйе уақытша істемей қалса, құжаттар қағазға толтырылып, кейін электрондық базаға көшіріледі.
Сонымен бірге, медициналық көмек нәтижелерін тіркеу тәртібі нақтыланды. Емдеу қорытындысы науқастың жағдайына қарай «сауығу», «жақсару», «өзгеріссіз», «нашарлау» және басқа да көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістер дәрігерге қаралу рәсімін жеңілдетіп, мамандардың қабылдауына қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда медициналық ұйымдардың қызметін бақылауға арналған бірыңғай Health Intelligence Platform цифрлық платформасы іске қосылды.