Қазақстанда еңбек мигранттарын тіркеу жүйесі жеңілдетіледі

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Вячеслав Калюжный мәлім етті.
Орталық басшысы атап көрсеткендей, бүгінде шетелден келетін еңбек мигранттарын тіркеу жүйесі тым қатты болғандықтан, елімізде жасырын көші-қон мәселесі өзекті болып тұр. «Сол себепті біз республика аумағында нақты қанша еңбек мигранттардың бар екендігін білмей отырмыз. Оның статистикасын шығару мүмкін болмауда. Өйткені шекара аумағында күндіз Қазақстан жерінде жұмыс істеп, кешке қарай өз үйлеріне қайтатын еңбек мигранттары да бар», - дейді В.Калюжный. Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын еңбек мигранттарын заңдастыру барысында Қазақстанда 100 мыңдай шетелден келген жұмысшы тіркелді. Бірақ уақыт өте келе, тіркеу кезіндегі құжаттардың көптігіне байланысты заңды айналып өтетін мигранттар арта бастады. «Сондықтан Қазақстан Үкімет тиісті іс-шараларды қолға алып, еңбек мигранттарын тіркеудің жеңілдетілген жүйесін әзірлеп жатыр. Алайда нақты қай бағытта жүргізіліп жатқандығын мен әзірше айта алмаймын», - деп атап көрсетті В.Калюжный.