09:00, 23 Сәуір 2014 | GMT +5
Қазақстанда ескі көліктерді жаңасына ауыстыру жүйесі жетілдіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ескі көліктерді жаңасына ауыстыру жүйесі жетілдіріледі.
Бұл туралы Қазақстан автобизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
«Біздің азаматтар trade-in жүйесін қолданып келеді, алайда біз оны нарықтың барлық қатысушыларына ыңғайлы етіп жасауға тырысудамыз. Жаңа көліктерді сатып алу мүмкіндігінің кеңеюі елдегі экологиялық ахуалды және жолдағы қауіпсіздікті жақсартатыны сөзсіз», - дейді ол.
Оның мәліметтеріне қарағанда, елде 3,5 миллионнан астам көлік бар. Оның 2 миллионы - 20 және одан да көп жыл бұрын шығарылған көліктер.
«Бұл жағдай өз кезегінде жолдағы қауіпсіздікке жағымсыз әсерін береді. Біз қазіргі уақытта отандық көліктерді сатып алуға ынталандыратын бірқатар тиімді тетіктерді жасақтаудамыз», - деп атап өтті қауымдастық басшысы.