Қазақстанда футболды дамыту әлеуеті аймақтарда - В. Катков
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Бразилияда футболдан осымен 20-шы рет әлем біріншілігі басталады. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына да 20 жылдан асты.
Тәуелсіз Қазақстанның футболы бүгінде қандай дәрежеде? Ұлттық құрама команда қашан жеңіс тұғырларынан көрінеді? Оған алғышарттар бар ма? ҚазАқпарат тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, «Қайрат» командасының ардагері, кезінде балалар-жасөспірімдер футболы саласында талай жыл еңбек еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан футбол федерациясының Алматыдағы өкілдігінің директоры Катков Виктор Георгиевичті әңгіме тартқан еді. - Виктор Георгиевич, таяуда Халықаралық футбол федерациясы өзінің әлемдік рейтингінде Қазақстанның ұлттық құрама командасын 6 сатыға төмендетіп, 124 орыннан бір-ақ шығарды. Бұл әділ көрсеткіш пе? - Әрине бұл бекерге көрсетілмейді. Мысалы, Азия конфедерациясында ойнайтын, бірақ рейтинг бойынша бізден жоғары тұрған құрама командалар бар. Бірақ енді соған қарап, олардың ойын деңгейі бізден жоғары деп айтуға болмайды ғой! Олар да әлем чемпионатына барып жатқан жоқ. Осы жұрт Еуропалық УЕФА рейтингін неге көрмейді? Біз сол УЕФА шеңберінде ойнаймыз. Біз мұнда 54 елдің ішінде 34 орындамыз. Бұл жаман көрсеткіш емес. Футбол Қазақстанда баяу болса да кезең-кезеңмен дамып келеді. Көп ұзамай нәтиже болатындығына сенімім мол. Қазір жас ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі құрама командаларымыздың дайындықтарына қаржы қомақты бөліне бастады. Бұдан 5-6 жыл бұрын мысалы, 17 жасқа дейінгі футболшылардан құралған құрама команда Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде бір-ақ рет оқу-жаттығу жиынын өткізген кездері болды. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Ұлттық құрама команданың бұрын базасы жоқ болатын. Қазір ол ашылды, жұмыс істеп жатыр. Мұндай база тіпті Ресейде де жоқ. Қазақстанда ұлттық құрама командалар институты құрылды. Яғни 16, 17, 18, 19, 20, 21 жасқа дейінгі және ұлттық құрама командалардың инфрақұрылымы жасалынған. Демек, болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген үміттемін. Биыл наурыз айында Астанада тұңғыш рет УЕФА-ның 38-ші конгрессі өтті. Онда Еуропадағы және Қазақстандағы футболдың даму болашағы жан-жақты талқыланды. Бұл басқосу Қазақстан футболының әрі қарай дамуына үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін. Өйткені УЕФА Қазақстанды бекерге таңдаған жоқ. Бұл Қазақстанға деген құрмет. Қазақстандағы футбол саласының дамуына оң баға бергені. - Виктор Георгиевич, Кеңес заманында Қазақстаннан талай-талай саңлақ футболшылар шықты. Мысалы, кезінде Сергей Квочкин олимпиадалық құрама командаға, ал Сейілда Байшақов одақтық құрама командаға шақырылды. Сол кездері елімізде балалар-жасөспірімдер футболы қандай деңгейде еді? - Өткен шақсыз болашақ жоқ қой. Ол кезде Қазақстанның футболы еліміздің басты командасы Қайраттың ойынымен бағаланатын. Еліміздің барлық өңірі Қайрат үшін жұмыс істейтін. Жүйе солай еді. Ойыншыларды іріктеу жүйесі өте қатал болды. Ең алдымен балалар-жасөспірімдер мектептері балаларды қабылдайтын. Кейін, олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорттық мектептері жұмыс істеді. Олардың дәрежесі жоғары болғандықтан, балаларды іріктеп алатын. Сол кезде Қазақстанда олимпиадалық резервтің үш мектебі болды. Екеуі Алматыда, біреуі Шымкентте. Ондағы футбол бөлімінде футболшылар 9 жас ерекшелігі бойынша топтарға бөлінетін. Міне мұндай жүйе өз нәтижесін берді. - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан футболы, оның ішінде балалалар-жасөспірімдер мектебі де ауыр кезеңдерді бастан кешті. Мектептер таратылды. Қазір жағдай қалай? - Елімізде балалар-жасөспірімдер футболын дамытудың 2012-2022 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. Бұл тұжырымдама Германия футбол федерациясымен бірге әзірленді. Осы бағдарлама қазір жұмыс істеп жатыр. Әрбір өңірде футбол орталықтары ашылуда. Күні бүгінге дейін Премьер-Лигадағы клубтық командалар жанында 13 футбол орталығы ашылды. Олардың қатарына Қайрат футбол академиясын да қосыңыз. Осы орталықтар футболшыларды 9 жас ерекшелігі бойынша іріктейді. Яғни 10 жастан 18 жасқа дейін. Бұл жүйе 2012 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Орталықтардың жұмысын Қазақстан футбол федерациясы тағайындаған техникалық директорлар реттеп отырады. Онда істейтін балалар жаттықтырушылардың жалақасы бүгінгі таңда 150 мың теңгеге дейін көтерілді. Барлығы бірыңғай бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Онда футбол төрт құрамдас бөліктен тұрады. Олар: жеке техника, ойындық сана-сезім, дене күші және психология. Одан басқа жас ерекшеліктеріне қарай белгіленген топтар арасында жарыстар өтіп тұрады. Барлығы УЕФА талаптары бойынша жүзеге асырылады. Құдай қаласа, нәтиже болады. Дарынды жастар өсіп келеді. Қазақстанда футболды дамыту әлеуеті аймақтарда жатқандығын ұмытпайық! - Виктор Георгиевич, айтыңызшы біздің Азия конфедерациясынан кеткеніміз дұрыс шешім болды ма? - Әрине. Бұл тарихи шешім болды! Біз Азияда жүреміз деп 10 жылды бекерге жіберіп алдық. Бұл футболдың дамуына кері әсер етті. Бұл үлкен қателік еді. Салыстырып қарайтын болсақ, УЕФА-да жасөспірімдер арасында өтетін жарыстар Азия конфедерациясына қарағанда көп. Стадиондарға қойылатын талаптар да салыстыруға келмейді. Еуропада талап өте күшті. Стадиондардың инфрақұрылымына көп мән беріледі. Егер біз о баста УЕФА-ға енгенімізде күні бүгінге дейін стадиондарымыз бір ретке келіп қалар еді. Дегенмен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір атап өтерліктей стадиондарымыз бар. Олар қайта жабдықталған. - Стадиондар демекші, соңғы кездері Еуропадағы секілді «Күз-Көктем» жүйесіне көшу мәселесі жиі айтылып жатыр. Қазақстанда футбол маусымы Кеңес заманынан бері «Көктем-Күз» жүйесі бойынша жүргізіліп келді. Енді қалай болмақ? - Ерте ме, кеш пе «Күз-Көктем» жүйесіне көшеміз. Мысалы қараңызшы, ұлттық құрама команда алдағы жылы 25 наурызда Еуропа біріншілігінің іріктеу турына қатысады. Еуропада бұл кезде ұлттық біріншіліктер жүріп жатса, бізде оған дайындықтар енді басталады. Бұл өз кезегінде ойын сапасына әсер етеді. Дегенмен, «Күз-Көктем» жүйесі әзірге кейінге қалдырылды. Бір айта кететін жәйт, бұл жерде манеждер салу көзделген. Кейбір аймақтарда ерте көктемде футбол алаңдары ойын өткізуге әлі дайын болмайды. Сондықтан манеждер керек-ақ. Олардың сыйымдылығы 3000 адамдық болса да жеткілікті екендігі туралы ұсыныстар бар. Қазір кейбір өңірлерде манеж салу жобалары дайын, қаржы да бөлініп қойылған. - Қазақстан біріншілігінде легионерлерге қатысты арнайы лимит белгіленген. Енді әрбір команда 7 легионерден артық ала алмайды. Осы жөнінде пікіріңіз қандай? - 2000 жыл есіме түсіп отыр. Мен ол кезде Қайрат-ЦСКА командасының жаттықтырушысы едім. Өтінім беру науқанынан кейін чемпионатта 75 легионердің ойнайтыны белгілі болды. 2001 жылы барлығы 110 легионер болды. Сөйтсек, олардың көбісі «пайдаланылған материал» болып шықты. Яғни шеберлік деңгейлерін аса жоғары деп айта алмаймын. Мен жалпы легионерлерге қарсы емеспін. Бірақ олардың тәжірибесі, шеберлігі жергілікті ойыншылардан жоғары болуға тиіс. Сонда жігіттер солардан үйренеді. Кейін лимит енгізілді. Бұл өте дұрыс шешім. Соның арқасында біз 21 жасқа дейінгі жастар құрама командасын сақтап қалдық. Ал бүгінгі таңда жаңадан енгізілген талап бойынша ойын барысында жасыл алаңда кем дегенде 21 жасқа дейінгі бір футболшы болуы тиіс. Легионерлерге қатысты да лимит енгізіліп отыр. Команда 7 легионерді мәлімдегенімен, нақты ойын барысында алаңға 5 легионер ғана шыға алады. Енді бірінші лигаға қатысты лимитке келетін болсақ, ойын барысында алаңда міндетті түрде 19 және 20 жастағы екі ойыншы болуға тиіс. Мұнда командалар 3 легионерге дейін мәлімдей алады. Дегенмен, ойын барысында 3 легионердің де алаңға шығуына рұқсат берілген. - Виктор Георгиевич, бүгін әлем біріншілігі басталады. Бұл біріншілік несімен ерекше? - Әлем чемпионаты деген не? Әрбір футболшының арманы - ұлттық құрама команда сапында әлем біріншілігіне қатысу. Өкінішке қарай, маған оған қатысу бұйырмады. Бірақ мен 2002 жылы елу жасымда әлем біріншілігінің екі жартылай финалдық ойынын стадионнан тамашалау бақытына ие болдым. Мен сонда өзімді әлемдегі ең бақытты адам сезіндім! Міне әлем чемпионатының әсері! Стадионда көрген футбол мен теледидардан көрген футболдың арасы жер мен көктей. Кейбір сәттерді теледидардан көре алмайсың. Бұл айтып жеткізуге болмайтын ерекше сезім. Ал биылғы чемпионатқа келсек, ол жоғары деңгейде өтейін деп тұр. Кім жеңеді? Кубокты кім көтереді? Мен екі командаға басымдық беремін. Олар: Испания және Германия. Неге? Испания 2008 жылы әділ түрде Еуропа чемпионы атанды. Өйткені Испания өзіндегі футбол жүйесін қайта құрды. Футбол академиялары жұмыс істей бастады. Балалар-жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлінді. Мысалы Реал Мадридті кім білмейді!? Бірақ Испания бұған дейін Еуропа немесе әлем чемпионы болды ма? Болған жоқ. Өйткені легионерлер қаптап кеткен еді. Кейін, футбол федерациясы футболды дамытуға шындап кірісті. Балалар-жасөспірімдер мектебі, футбол академиялары қарқынды жұмыс істеді. Нәтижесінде 17 жасқа дейінгі, кейін 21 жасқа дейінгі ұлттық құрама команда Еуропа чемпионы болды. Бүгінде Испания құрама командасы сапалы ойын көрсетеді, олардың ойын сапасында тұрақтылық байқалады. Ал тұрақтылық - шеберліктің нышаны. Одан кейін Германия. Германияда балалар-жасөспірімдер футболы о баста ретке келтірілген. Біздің қазір Қазақстанда аймақтық футбол орталықтары осы германиялық тәжірибеге сүйеніп құрылған. - Әңгімеңізге рахмет.