Қазақстанда ғалымдардың жалақысы көтеріледі – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздегі ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу жүйесін жаңартуды жоспарлап отыр. Тиісті құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қазақстанда ғалымдардың жалақысы көтеріледі – министрлік
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа ережеге сай, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) жобаларында істейтін мамандардың лауазымдық айлығын есептейтін коэффициенттер көтеріледі. Бұл ғалымдардың табысын шамамен 25%-ға арттырады.

Ендігі есеп бойынша:

Жас маман: Тәжірибесі жоқ кіші ғылыми қызметкердің жалақысы (қосымша үстемелерді есептемегенде) 432,2 мың теңгені құрайды.

Тәжірибелі ғалым: 25 жылдан астам еңбек өтілі бар профессор немесе бас ғылыми қызметкер 1,4 млн теңгеге жуық (1 396,9 мың тг) жалақы ала алады.

Ғалымдардың тек еңбек өтіліне ғана емес, нәтижелеріне де басымдық берілмек. Енді ғалымның белсенділігіне қарай 47,5 мыңнан 522,5 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленуі мүмкін.

Ол бес параметр бойынша есептеледі:

кейінгі 5 жылда жарияланған мақалалар, монографиялар және қорғау құжаттары;

кейінгі 5 жылда жоғары оқу орындарында кемінде бір немесе бірнеше пәннен дәріс беру (жалпы көлемі 3 кредиттен кем емес);

кейінгі 5 жылда Қазақстан Республикасында философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін алған кадрларды даярлау;

кейінгі 5 жылда ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін өндіріске енгізу бойынша расталған көрсеткіштер.

Бұл түзетулер Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысымен, ғалымдарды әлеуметтік жағынан қорғау және ғылым саласының беделін арттыру мақсатында әзірленді.

Құжат қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылған. Азаматтар пікірлерін 2026 жылдың 16 ақпанына дейін білдіре алады.

Айта кетейік, Жаңа Конституция жобасының мәтіні республикалық БАҚ-та жарияланады.

Соңғы жаңалықтар