Қазақстанда газ тұтынуға әлеуметтік норма енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тауарлық газды тиімді пайдалану үшін халыққа арналған әлеуметтік тұтыну нормаларын белгілеу ұсынылды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Парламент Мәжілісінің депутаттары газбен жабдықтау және электр энергиясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бастамашылық жасаған.
— Заң жобасында тауарлық газ тұтынуды есепке алуды цифрландыру, механикалық есептегіштерден деректерді қашықтан беретін «ақылды» есептеу құралдарына көшу қарастырылған. Бұл нақты әрі дәл есеп жүргізуге мүмкіндік береді, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің мәліметінше, құжатта газды тиімді пайдалануды ынталандыру үшін халыққа тауарлық газды тұтынудың әлеуметтік нормаларын белгілеу де көзделген.
— Сонымен қатар тауарлық газды үнемді тұтынуды енгізу үшін халық үшін тауарлық газды тұтынудың әлеуметтік нормаларын белгілеу ұсынылады, — деді ол.
Заң жобасында газ тарату ұйымдарының магистральдық газ құбырларына тікелей қосылуына қатысты талаптарды енгізу, сондай-ақ газ саласындағы отандық өндірушілер мен кадрлық әлеуетті қолдау шаралары да қамтылған.
Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, аталған заң жобасы биыл 11 маусымда Парламент Сенатында екі оқылымда қабылданды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қол қоюы күтілуде.
Еске салайық, Қазақстан солтүстік өңірлерді газдандыру үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр.