Қазақстанда гемофилиямен ауыратын науқастардың ұлттық регистрін жасау жұмыстары басталды
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда Ресей, Өзбекстан, Чехия, Испания және өзге де елдердің жетекші сарапшыларының қатысуымен гемофилия мәселесіне арналған 5-ші Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Гемофилия - қанның ұюының VIII немесе IX факторларының туа біте болмауынан немесе аномалиясынан болатын ауыр генетикалық қан ауруы. Бұл ауру тек ерлер арасында пайда болады, ал әйелдерде гемофилия гені бар. Клиникалық тұрғыдан гемофилия буындарға, бұлшық еттерге және ішкі органдарға жиі қан құйылу түрінде байқалады. Ағзаның өмірлік маңызды органдарына қанның құйылуы адам өліміне, ал қанның буындарға жиі құйылуы олардың тез бұзылуына және ерте мүгедектікке ұшыратады. Бүгінгі таңда республика бойынша гемофилиямен ауыратын 770 науқас тіркелген.
Бүкіләлемдік гемофилия федерациясы мойындаған Қазақстанның бұл сырқатпен күрестегі жетістіктері туралы Алматыдағы 5-ші халықаралық конференцияда айтылуда. Осы қатерлі ауруды емдеудегі проблемалар, жаңа міндеттер және оларды шешу жолдары туралы халықаралық сарапшылар, дәрігерлер мен науқастар ой бөліседі.
Айта кететін жайт, бүгінгі таңда Қазақстанда гемофилия ауруына шалдыққан науқастардың ұлттық регистрін жасау жұмыстары басталды.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Гемофилиямен ауыратын мүгедектердің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.