Қазақстанда ғылымды дамытуға қанша қаражат жұмсалмақ

«Қазір отандық ғылымды жетілдіру мәселесіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы орайда қаржыландыру бағыты да шешілді. 2023-2025 жылдары, яғни үш жылда тек ғылымды қаржыландыруға, гранттық қаржыландыруға, бағдарламалық әрі тікелей гранттарға 650 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. 30 жылда мұндай қаржыландыру болмаған, қазір ғылымға 1,5 млрд долларды бағыттап отырмыз», - деді С. Нұрбек Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту конференциясында.
Сонымен қатар министр елімізде институционалдық тетіктер қайта қаралғанын, Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғанын, «Ғылым және техникалық саясат туралы» заң қабылданатынын айтты.
«Бұл заң жобасын қазір таныстырып жатырмыз және осы құжат қыркүйек-қазан айларында Парламентке жолданады. Құжат талқыланып, оны келесі жылдың бірінші жартысында қабылдауды жоспарлап отырмыз. Онда тиісті тетіктер қамтылып, соның ішінде жеке бизнестің ғылыми жобаларға қатысуын ынталандыратын қадамдар қарастырылады. 150 пайызға дейін салық жеңілдіктері болады. Бұл тұрғыда бизнес жоғары технологиялық өнімдерді шығаруға мүдделі болады. Біз бұл механизмді жүйелі түрде жасағымыз келеді. Сондықтан қазір осы бағытта Қаржы министрлігімен тиісті талқылауларды жалғастырып жатырмыз», - деді ведомство басшысы.