Қазақстанда халықаралық құқық қауымдастығының бөлімшесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Халықаралық құқық қауымдастығының (ILA) Орталық Азиядағы алғашқы бөлімшесі іске қосылды. Енді отандық сарапшылар көші-қон, босқындар мәселесі, теңіз құқығы және аумақтық межелеу мәселелері жөніндегі комитеттердің жұмысына қатыса алады.
Қазақстандық бөлімшенің іске қосылуын бұған дейін Венада өткен 82-ші екі жылдық конференция барысында ILA-ға мүше елдер бірауыздан қолдаған болатын. Осылайша, еліміздегі ұйым 69-шы ұлттық өкілдігі болды. Ресми тұсаукесер Maqsut Narikbayev University-де (MNU) өтті.
Атап айтқанда, 1873 жылы Брюссельде құрылған Халықаралық құқық қауымдастығы жария және жеке халықаралық құқықты зерттеу, түсіндіру және дамыту, сондай-ақ халықаралық өзара түсіністік пен құрметке жәрдемдесу мақсатында жұмыс істейді. ILA мүшелері — әртүрлі сала мамандары. Атап айтқанда, заңгерлер, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ коммерция мен қаржы сарапшылары. Ұйым БҰҰ, Халықаралық теңіз ұйымы және ЮНЕСКО жанынан консультативтік мәртебеге ие, оның қатарында әлем бойынша 5000-нан астам адам бар.
Таныстырылым барысында MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қазақстандық бөлімше елдегі сараптама мен халықаралық кәсіби қоғамдастықтың арасындағы байланыстырушы буынға айналуы мүмкін екенін айтты.
— Біз мұнда түрлі мектептер мен ұрпақ өкілдері, ғалымдар мен тәжірибешілер, судьялар мен мемлекеттік қызметкерлер, дипломаттар, оқытушылар мен жас зерттеушілердің кездесуін қалаймыз. Осы ретте мен қазақстандық бөлімшенің ерекше құндылығын көріп отырмын, өйткені ол елдегі сараптама мен халықаралық кәсіби қоғамдастықтың арасындағы байланыстырушы буынға айналуы мүмкін. Менің ойымша, біздің алдымызда неғұрлым ауқымды мақсат тұр. Ол Қазақстанды біртіндеп Орталық Азиядағы халықаралық-құқықтық сараптаманың көрнекті алаңдарының біріне айналдыру, — деді Талғат Нәрікбаев.
Сонымен қатар қазақстандық бөлімшенің президенті, Халықаралық құқық қауымдастығының елдегі өкілі Мирас Дауленов бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті.
— Қазақстандық бөлімшенің құрылуы қазақстандық көзқарастың халықаралық күн тәртібін қалыптастыруда ескерілетінінің белгісі. Ең бастысы, Қазақстанның позициясы Мемлекет басшысы келіссөздер жүргізіп, шарттар мен меморандумдарға қол қоюдан бұрын-ақ назарға алынатын болады, — деді ол.
Айта кетейік, бөлімшенің вице-президенттері болып Абай Абылайұлы (MNU), Роза Ақшалова (Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ) және Сергей Саяпин (KIMEP University) сайланды. Хатшы қызметін MNU Senior Lecturer-і Саурық Әбірбек атқарады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Үндістан құқық қорғау саласына қос дипломды мамандар даярлайды.