Қазақстанда халықты тұмауға қарсы тегін вакциналау 40 пайызға жеткізілмек
АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылы Қазақстанда тұмауға қарсы отандық вакцинаны жаппай өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
- Тұмауға қарсы вакцинаны Ресейден жеткіземіз. Тұмаудың таралуына қатысты тиісті талдау жасап, қай вирусқа тиімді әсер ететін екпені алдырамыз. Былтыр және биыл жеткізілген вакцинаның тиімділігі 90 пайыздан жоғары, - деді А. Әлназарова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол тұмауға қарсы екпені Қазақстан аумағында жасау жоспары жүзеге асып жатқанын айтты.
- Бүгінде сертификаттау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 2027 жылы тұмауға қарсы отандық вакцинаны шығарып, өзімізде өндіретін болсақ, халықтың 30-40 пайызына дейін тегін екпемен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сондықтан министрлік алдында осындай міндет тұр, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, қазір ел халқының 10-11 пайызы жыл сайын тұмауға қарсы вакциналаумен қамтылып келеді.